Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясына орай Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – «ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ-3» МКК орталығында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ж. Құрманбек және «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорының төрайымы Элеонора Ағабекқызының қатысуымен 3 қазандық қызметкерлерімен кездесу өтті.
Бұл мекемеде 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі бар, кәсіподақ ұйымының төрағасы — Нұрлан Ниязов. Орталық қала тұрғындарын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындардың бірі болып табылады.
Іс-шараны Ж. Құрманбек мырза жүргізді. Лектор — Элеонора Ағабекқызы болды. Лекцияның негізгі тақырыбы — еңбек қатынастары, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне арналды. Сонымен қатар, еңбек адамының құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайларын жасау және жұмыс орындарында қауіпсіздік қамтамасыз ету бағытында атқарылатын шаралар туралы айтылды. Элеонора Ағабекқызы жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек құқықтарын қорғау жолында кәсіподақтардың рөлін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ж. Құрманбек мырза еңбек заңнамасы мен кәсіподақ жұмысының маңызы жөнінде өз пікірін білдіріп, жұмысшылардың құқығын қорғау үшін кәсіподақтың күш-жігерін біріктірудің қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселелерін бақылау, еңбек жағдайларын жақсарту және еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кәсіподақтардың қосар үлесі туралы айтты.
Кездесу барысында жұмысшыларға өз құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігі туралы нақты ақпараттар берілді. Бұл шара жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, кәсіподақ ұйымдарының қызметін одан әрі нығайтуға ықпал етті.
Қатысушылардың пікірінше, осындай кездесулер еңбек қатынастарын реттеуде, жұмысшылардың құқықтарын қорғауда және еңбек жағдайларын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Жұмысшылар өз құқықтарын білсе, оларды қорғауға мүмкіндік алады, ал кәсіподақтар өз кезегінде олардың құқықтары мен мүдделерін белсенді түрде қорғайтын болады.