«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы ұйымның құрылғанына 10 жыл толуына орай сырбойылық тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Өңірлік орталықтан қаржы алып, кәсібін ашқан 40-тан аса кәсіпкерлер көрмеге тауарларын қойып, халық игілігіне ұсынды.
Облыстық көрмеге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбеков, өзге де салаға қатысты мемлекеттік орган өкілдері мен қаржы институттарының басшылары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Көрмеге қатысқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бас маманы Майра Боранбаева кәсіпкерлермен кәсіпорындардағы жұмыс орындарын ашу әлеуеті, жұмыскерлердің еңбек жағдайлары, ұйымдарда кәсіподақ ұйымын құру мәселесі туралы сұқбат құрды. Сонымен қатар, сұқбаттасу барысында «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы құрамындағы ұйымдар жайлы, салалық кәсіподақ қызметі туралы ақпарат берілді.