«АР» автобекетінде еңбек құқықтары мен қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының мүшелік ұйымы – «АР» автобекетінде Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек және «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорының төрайымы Элеонора Ағабекқызының қатысуымен кездесу өтті.


«АР» автобекеті 2000 жылдан бастап қызмет көрсете бастады. Мекеме микроавтобустарға қызмет көрсету мүмкіндігімен 300 микроавтобусқа дейін қабылдай алады, ал көлік ағыны 200 микроавтобусты құрайды. Сонымен қатар, автобекет күнделікті 1000 жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.


Іс-шара барысында Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық Қорының төрайымы Элеонора Ағабекқызы «АР» автобекет қызметкерлерінің жай-күйімен танысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – еңбек құқықтарын қорғау және жұмыс жағдайларын жақсарту болды.
Элеонора Ағабекқызы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Ол кәсіподақтардың жұмысшылар құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлін атап өтіп, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін атқарылатын шаралар туралы айтты.


Жарқынбек Айдарбекұлы  еңбек заңнамасы мен кәсіподақ жұмысының маңызы жөнінде пікір білдіріп, жұмысшылардың құқықтарын қорғау үшін кәсіподақтардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселелерін бақылау және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында кәсіподақтардың қосар үлесі туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында жұмысшыларға өз құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігі туралы нақты ақпараттар берілді. Бұл шара кәсіподақ ұйымдарының қызметін нығайтуға және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.