Әлеуметтік қызметкер – алғыс арқалайтын арда мамандық

Венера Сабитова – Абай облысы «Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ бөлімше меңгерушісі болып еңбек етеді.
Венера Ғалымбекқызы 1965 жылы 23 ақпанда бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы, Георгиевка ауылында дүниеге келген.
1987 жылы Семей педагогикалық институтын математика-физика пәндері мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Жарықтас ауылының Б.Момышұлы атындағы негізгі мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.

2014 жылдан Абай облысы «Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа қабылданып, қазіргі уақытта бөлімше меңгерушісі болып істейді.

Әлеуметтік қызметкер болу адамның мінезі мен ішкі болмысына байланысты екені мәлім. Осындай адамдардың бірі – Венера Ғалымбекқызы. Ол тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау бағытында жұмыс істеп, қазіргі кезеңде әлеуметтік жұмыс мамандығына қойылатын талаптар мен біліктілік қажеттілігі жоғары екенін дәлелдеуде. Венера Ғалымбекқызы әлеуметтік сала мамандары аталған көмек түрлерін атқарып қана қоймай, кеңес беруші, психолог, педагог, заңгер де бола білетін білікті маман. Оның жұмысы жеміссіз емес, адал еңбегі қандай да бір құрметке лайық.

Өз жұмысымен қатар Венера Ғалымбекқызы орталықтың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Өз ісіне жауапты, адал, берген тапсырмаларды уақытында орындап, жақсы жағынан да көрінеді. Қызмет алушыларға мейірімді қарап, олардың ризашылығына бөленеді. Ұжымда сыйлы, әріптестеріне үлгі бола біледі.
Табанды еңбегі үшін орталық басшысынан, Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысынан алғыс хаттар мен құрмет грамоталарымен марапатталған.

Шынайы мейірімді, қайырымды болу, рақымшылық пен аяушылық таныту, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық сияқты асыл қасиеттермен үндестік тапқан әлеуметтік жұмыс қызметкерлері – осы заманның шығармашыл, креативті, батыл жүректі мамандары.
Қазыналы қарттарымыздың ақ батасын алу, алғысына бөлену, өзіңнің ізгілікті іспен айналысып жүргеніңді түсіну, кәсібіңнен бақыт табу деп білеміз.
Венера Ғалымбекқызы үш азаматты дүниеге әкеліп, жақсы тәрбие беріп өсірген үлгілі ана, сүйікті жар және немерелерінің қамқор әжесі.