Атқарылған жұмысқа – оң баға

Конференция жұмысына «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық комитетінің төрағасы Мирболат Жақыпов, төрағаның орынбасары Атақозы Нұрланов, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев және кәсіподақ ардагерлері, әлеуметтік әріптестер мен делегаттар қатысты.


«Алдағы 2025 жылы еліміздің кәсіподақ қозғалысына 120 жыл, ҚР Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толады.Біз бұл мерейлі мерекелік даталарға елеулі өзгерістермен,жаңарған қалпымызды келіп отырмыз. Бүгінгі қарқынды өзгерістер дәуірінде біз еңбек қатынастарының барлық қатысушылары арасындағы сенімнің, ынтымақтастықтың және өзара түсіністіктің маңыздылығын бұрынғыдан да түсінеміз. Тек күш біріктіру арқылы кез келген қиындықты жеңе аламыз және әр қызметкер үшін лайықты жағдайды қамтамасыз ете аламыз.Біздің алдымызда әлеуметтік әріптестік бойынша салалық және өңірлік келісімдерді жетілдіру, облыстық үшжақты комиссия қызметін жандандыру, 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру міндеттері тұр. Осының барлығы жұмысшы-қызметкерлердің мүддесін қорғауға, оларға қызметіне қолайлы жағдай тудыруға негізделген, деп атап өтті кездесуде Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.


Конференция жұмысына аудандық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұсынған делегаттар, «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, барлығы 94 адам қатысып, жоғары белсенділік танытты. Жалпы бүгінгі күні облыстық филиал құрамында 12 аудандық кәсіподақ комитеті, 311 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 6 мыңнан астам мүше бар.
Конференцияда облыстық филиалдың 2019-2024 жылдары атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды, облыстық филиал төрайымы Мұхтарита Сағындықова филиалдың жетістіктерімен бөлісті, сонымен қатар проблемалық сұрақтарды да көтеріп, алдағы жоспарларды да делегаттар назарына ұсынды.


Жарыссөзге қатысқан делегаттар облыстық филиалдың бес жылда атқарған жұмысына оң пікірлерін жеткізіп, конференция қаулысымен облыстық филиал жұмысы «қанағаттанарлық» деп бекітілді.
Конференция жұмысы кәсіподақ ардагерлерін және әлеуметтік әріптестерді марапаттаумен аяқталды.