“Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық ұйымының кезекті ХХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл маңызды шара салалық кәсіподақ ұйымының соңғы жылдардағы қызметін қорытындылап, болашаққа бағыт-бағдар беретін стратегиялық міндеттерді айқындауға арналды.
Конференцияға “Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов, төраға орынбасары Атақозы Нұрланов, сондай-ақ “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық филиалының төрағасы Күлдар Есебаева, аймақтағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Конференцияда салалық кәсіподақтың соңғы жылдары атқарған жұмыстары кеңінен талқыланды. Кәсіподақтың жеткен жетістіктері мен туындаған мәселелері сараланып, болашақтағы даму жоспары ұсынылды.
Шара барысында Түркістан облыстық филиалының төрағасы Күлдар Есебаева баяндама жасап, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жүйелі жұмыстарды атап өтті.
Сонымен қатар, ұйымның стратегиялық басымдықтары мен жаңа жұмыс жоспарларының жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Конференцияның ерекше маңызды бөлігі – жаңа басшылықты сайлау болды. Делегаттардың ашық дауыс беруі нәтижесінде Мирболат Жақыпов пен Күлдар Есебаева бірауыздан өз қызметтеріне лайықты тұлғалар ретінде жаңа мерзімге қайта сайланды.
Алдағы уақытта сайланған басшылар кәсіподақ қызметіне жаңа серпін беріп, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарады деп сенеміз.