«Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Онда мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Кемел Иманғалиев еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы мәселелерге кеңінен тоқталды. Атырау облысы прокуратурасының ұсынысы негізінде дайындалған хабарламада «Kazakh Construction Group», «Delta Solution Service», «Қазтехмұнайсервис», «Мұнай көлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бойынша еңбек қатынастарына байланысты орын алған жайттар нақты деректермен баяндалды.
«Kazakh Construction Group» ЖШС 130 жұмысшысы 5 қазанда «Қашаған» кен орнына қарасты аумақта жиналып, жалақыны көтеру, түнгі кезеңге жұмысқа тарту, басшылық құрамды жұмыстан босату тағы басқа талаптар бойынша наразылықтарын білдірген. Қазір бұл ұжымдық арыз бойынша еңбек инспекциясымен жоспардан тыс тексеру тағайындалған. «Мұнай көлік», «Қазтехмұнайсервис» ЖШС-де кәсіподақ мүшелері жұмысшылардың жалақыларын өсіру мәселесін көтеруде.
Бірақ осы туындаған ұжымдық еңбек дауы татуласу комиссиясында, еңбек төрелігінде қаралғанымен оң шешімін таппаған. Жұмысшылардан мемлекеттік органдарға 13 қарашада ереуілге шығу жөнінде хабарлама таратылған. Тек облыстық кәсіподақтар бірлестігінің және салалық кәсіподақтың араласуымен елеуілге шығу мәселесі кейінге қалдырылып отыр. Ал «Индер Гипс», «Delta Solution Service» ЖШС ұжымдары арасында жүргізілген құқықтық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жағдай тұрақталған. Аталған мәселелерді талқылау барысында аталған серіктестіктердің жетекшілері мен жауапты өкілдері түсінік берді.
Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген еңбек дауларын шешудегі мәселелер жөнінде бірлестік төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай сөйлеп, биылғы жылы кәсіподағы бар кәсіпорындар мен мекемелерде орын алған 9 әлеуметтік еңбек шиеленістеріне тоқталды. Сондай-ақ, комиссия отырысында облыстық Білім басқармасы балабақшалардың кір жуушыларына қатысты соттың шешімімен келіспеуі әрі қарай жалғасып жатқандығы, енді Жоғарғы сотқа шағым дайындалып жатқандығы белгілі болды.
Отырысты қорытындылай келе, бірлестік төрағасы Әлібек Семғалиев әлеуметтік әріптестер – жұмыс берушілерге еңбек дауларын болдырмау үшін нақты шараларын алу, ұжымдық шарт талаптарын орындау. жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы жұмыс берушілер арасында еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша түсіндіру жүргізу жұмыстарының пәрменділігін арттыру, даулы мәселелердің туындау себебіне талдау жүргізуге баса назар аударудың маңызын әлеуметтік әріптестер қаперіне берді.