ҚРКФ шешіміне сәйкес Абай облысы кәсіподақтар орталығы әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, «Өндірістік жарақаттанудың алдын алудың бірыңғай күніне» орай «Семей Су Арнасы» МКК-да кездесу өткізді.
Лайықты еңбек жылы аясында өндірістік жарақаттанудың алдын алудың бірыңғай күніне орайластырылған іс – шара семинардан басталды. Семинардың модераторы – облыстық Кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Досжан Байқадиев болды. Ол кәсіподақтар қызметінің маңызды бағыты еңбекшілердің құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін жақсарту мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялағанын атап өтіп, лайықты еңбек жылын өткізуге қатысу шеңберінде біздің орталық жыл бойы еңбек ұжымдарымен кездесулер, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету тақырыбында дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілгеніне де тоқталды.
Адамдардың көпшілігі уақыттың едәуір бөлігін жұмыста өткізетіндіктен, жазатайым оқиғалар мен денсаулыққа зиян келтіретін жағдайлардың көп бөлігі өндірісте орын алады. Бұл жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтауын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттануды азайту үшін тиісті алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын көрсетеді.
Спикерлер Абай облысының кәсіпорындарында 2024 жылдың 10 айындағы мониторинг нәтижелері бойынша өндірістік жарақаттану деңгейіне қатысты өз ойларын білдірді. Осы уақыт аралығында облыста 79 жазатайым оқиға тіркелген, оның ішінде 44-і ауыр, 42-сі жеңіл жарақаттар болып табылған. Өкінішке орай, 5 оқиға өліммен аяқталған. Бұл көрсеткіштер жұмыс орындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттанудың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдаудың қажеттілігін айқын көрсетеді.
Спикерлер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты ақпараттар беріп, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл шаралар жұмыс орнындағы қауіпсіздік стандарттарын сақтау, қауіп-қатерлерді алдын ала болжау, жұмысшыларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету және еңбек қорғау ережелерін сақтау арқылы жүзеге асатынына тоқталды. Семинар барысында сұрақ-жауап жүргізіліп, қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай пікір алмасулар қатысушылардың білімін арттыруға және өндірістегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталады.
Іс-шара барысында Абай облысы кәсіподақтар орталығы құқықтық мәселелер және медиация жөніндегі бас маманы Ержан Разбеков халыққа тегін құқықтық және еңбек консультациясы мен медиативтік көмек көрсететін Заң клиникасы филиалының жұмысы туралы толық түсініктеме берді. Сондай-ақ кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасын енгізуді және «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуды ұсынды.
Семинар соңында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының қолдауымен жедел жәрдем бригадасының халықаралық жаттықтырушылары алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нұсқаулық өткізді.
Әлеуметтік серіктестермен бірлесіп өткізілген семинар-кездесу кәсіпорындағы өндірістік жарақаттануды болдырмау жөніндегі жұмысқа оң әсер ететініне сенімдіміз.