Шымкент қаласында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Маида» Медиация және психология орталығы» қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум негізінде «Медиация бойынша кәсіби медиаторларды даярлау бағдарламасы» атты семинар сәтті аяқталды.
Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы мен басқа да салалық кәсіподақ ұйымдардың өкілдері қатысқан семинардың басты мақсаты – қатысушыларға медиация әдістерін үйретіп, дауларды бейбіт жолмен шешудің тәсілдерін түсіндіру және кәсіби медиатор болудың негіздерін меңгерту. Семинарда медиацияның тиімділігі мен дауды шешудегі бейтараптықтың маңызына ерекше назар аударылды.
«Маида» Медиация және психология орталығының директоры Салтанат Абдукаримова медиацияның негізгі принциптерін түсіндіріп, оның әлеуметтік келісім мен үйлесімділікті нығайтудағы рөлін атап өтті. Семинар барысында қатысушылар медиацияның нақты әдіс-тәсілдері мен дауларды шешу стратегияларын үйреніп, практикалық дағдыларын шыңдады.
Семинар соңында қатысушыларға медиатор сертификаттары табысталды. Бұл құжаттар медиация саласындағы білім мен дағдыларды меңгергендіктің белгісі ретінде кәсіби даму жолында маңызды қадам болып табылады.
Бұл шара медиацияны елімізде кеңінен таратуға, дау-дамайларды бейбіт жолмен шешудің мүмкіндіктерін арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Қазақстандағы медиация саласының дамуы медиацияның тиімділігі мен қажеттілігін арттырып, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосады.
Алдағы уақытта осындай семинарлар мен тренингтердің саны арттырылып, медиация әдісі еліміздің барлық аймақтарында кеңінен қолданылатын болады. Барлық қатысушыларға кәсіби медиатор болу жолында сәттілік тілейміз!