ҚРКФ гендерлік саясаты: кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа қарсы

Бүгін, 25 қарашада БҰҰ Конвенциясында жарияланған Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы дәстүрлі түрде «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» жаһандық науқанына қосылды.

Халықаралық қозғалысты қолдау мақсатында ҚРКФ Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясы кәсіподақ жетекшілерімен және кәсіподақ белсенділерімен диалог алаңын ұйымдастырды, оның барысында Кәсіподақтар федерациясының еңбекші әйелдерді қорғау жөніндегі бастамалары, сондай-ақ кемсітушіліктің және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары, Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның төрағасы Гүлнар Жұмагелдиева іс-шараны ашып, Кәсіподақтар федерациясының әйелдер құқығын қорғауға бағытталған шараларына тоқталды.

Бұл жұмыс орындарында зорлық-зомбылықтан бас тарту атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ зорлық-зомбылық немесе кемсітушілік сипаттағы әрекеттердің алдын алуға бағытталған ҚРКФ Гендерлік саясат тұжырымдамасын және «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» тұжырымдамасын іске асыру туралы болды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева атап өткендей, теңдестірілген гендерлік саясатты жүргізу және осы салада халықаралық стандарттарды енгізу Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділдік пен дамуға бірлікте» стратегиясында көзделген міндеттердің бірі болып табылады.

Ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізудің маңыздылығы туралы айта отырып, ол қатысушыларға Федерацияның еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жоюға бағытталған ХЕҰ №190 Конвенциясын ілгерілету бастамасы бұл мәселені шешу жолында маңызды қадам болғанын еске салды.

Федерацияның бастамаларын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазірдің өзінде жұмыс орындарындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті көздейтін түзетулермен жұмыс істеуде.

Іс-шараға қатысушылар еңбекші әйелдердің құқықтарын қорғауға және еңбек саласындағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен іс-қимылдарды жандандыруға дайын екенін растады.

Халықаралық науқан аясында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған іс-шараларды бүкіл ел бойынша Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары жалғастырады. ҚР

Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы