Бүгін Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) алаңында әлеуметтік әріптестердің – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының кездесуі өтті. Оған ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов, ЕРДО президенті Дәулет Арғындықов және мүдделі тараптардың өкілдері қатысты.
Бірінші вице–министр Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, кездесудің негізгі тақырыбы әлеуметтік–еңбек саласын цифрландыру және осы процеске әлеуметтік әріптестердің қатысу мәселесі болды.
Өз кезегінде орталық президенті Дәулет Арғындықов әлеуметтік–еңбек саласында цифрлық шешімдер мен жобаларды әзірлеу және енгізу мәселесінде әлеуметтік әріптестіктің үш тарапының маңыздылығын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» мен Кәсіподақ жұмыс орнының ұсынылған жобаларын қарап, өздерінің ескертулерін енгізді.
«Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасының» негізгі мақсаты – мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қолда бар деректеріне негізделген және кез келген кәсіпорын қызметінің 80 өмірлік көрсеткішін қамтитын кәсіпорындар мониторингінің объективті және автоматтандырылған жүйесін құру.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, цифрлық картада тұтас көріністі қалыптастыруда әрбір кәсіпорында кәсіподақ ұйымының болуы немесе болмауы жөніндегі деректер де ескерілуі тиіс.
«Кәсіподақтардың құзыретіне жататын әлеуметтік және еңбек қатынастарына қатысты барлық мәселелер «Еңбек тәуекелінің цифрлық картасының» алгоритмдеріне енгізілуі тиіс. Бұл еңбек дауларының туындау қаупін толығырақ қарастыруға және әлеуметтік әріптестер тарапынан алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік әріптестер карта алгоритмдері арқылы алынған деректерді пайдалануды да қарастыруы керек. Тәуекел деңгейі анықталғаннан кейін нақты әрекет қажет. Бұл жағдайда да бірлесе жұмыс істеу керек. Біз еңбек тәуекелдерінің деңгейін төмендету немесе жанжалдар деңгейін төмендету үшін осы кәсіпорындарға қалай әсер ететінімізді түсінуіміз керек», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
«Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» негізінде есептелген жедел деректерді пайдалану тетіктерінің мысалдарының ішінде ҚРКФ төрағасы «Еңбек консультацияларын» келтірді.
«Еңбек консультациялары» – бұл барлық негізгі мәселелер бойынша жұмыс берушімен кеңесіп, бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін құрал. Осыған байланысты «Еңбек тәуекелінің цифрлық картасы» өте қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
«Кәсіподақтың жұмыс орны» жобасы бойынша өзара іс-қимылға келетін болсақ, ҚРКФ Төрағасы бұл цифрлық жоба «Казуглепроф» салалық кәсіподақ ұйымының қатысуымен пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Отырысты қорытындылаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік айтарлықтай қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын әлеуметтік әріптестер мен ЕРДО арасында өзара түсіністік жақсы қалыптасқан. Әлеуметтік диалог дамып келеді және біз келісілген шараларды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру жобалары аясында ары қарай да ынтымақтастықты жалғастырамыз», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы