Астанада жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

«Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалы еңбек ұжымдарын өз міндеттері мен қызметі туралы ақпараттандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Қарашаның бірінші онкүндігінде «Астана қаласы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесуде филиал төрағасы Атақозы Нұрланов қатысушыларды кәсіподақтың жұмысымен және оның бастамаларымен таныстырды.

Жиында құқықтық салада кәсіподақ мүшелерінің жағдайын жақсартуға және ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге мүмкіндік беретін басты құжат – Ұжымдық шарт жасасу қажеттілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар кәсіподақтардың еңбек ұжымдарындағы рөлі, келісу комиссиясының жұмысы және кәсіби белсенділікті ұйымдастыру туралы сұрақтарға толық жауап алды.

Іс-шара қорытындысы бойынша «Астана қаласы бойынша қазынашылық департаменті» РММ ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда ұйымның 80-нен астам қызметкері кәсіподаққа мүше болды. Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Динара Есеналина сайланды, сондай-ақ кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясы құрылды.

Бұл қадамдар қызметкерлердің кәсіподақ қозғалысына деген қызығушылығының артып келе жатқанын және ұжымдық іс-әрекеттер арқылы өздерінің еңбек жағдайларын жақсартуға ұмтылысын білдіреді. «Қызмет» елордалық филиалы кәсіподақ қозғалысын нығайтуға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға ықпал ете отырып, осындай кездесулер өткізуді жалғастырады.