Медиация – жанжалды шешудің тиімді жолы

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан құрылған Татуласу орталығында кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы орталықтың қызметіне Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғыны, кәсіподақ мүшесі Б есімді азамат жүгінді. Ол өзіне қажетті құқықтық көмек алу үшін, мәселені заң аясында шешуге көмек сұрады.

Азаматтың айтуынша, оның Р есімді әріптесіне ақшалай қарызы болған. Алайда, қарызды уақытылы өтей алмағандықтан, әріптесі екеуінің арасында жұмыс орнында жанжал туындаған. Осыған байланысты кәсіподақ мүшесі өз құқықтарын қорғау мақсатында Татуласу орталығына арызданды.

Қабылдау барысында Татуласу орталығының қызметкерлері жағдайдың барлық мән-жайын мұқият тыңдап, екі тараптың да пікірін ескерді. Арнайы ұйымдастырылған медиация рәсімі арқылы тараптар ортақ шешімге келіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге қол жеткізді.

Нәтижесінде екі тарап арасындағы түсініспеушілік жойылып, келісімге қол жеткізілді. Бұл жағдай кәсіподақ орталығы жанындағы Татуласу орталығының тиімді қызмет атқарып жатқандығының тағы бір дәлелі болды.