27-28 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация Тәжікстан астанасы – Душанбеде Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің VI отырысына қатысуда. Форумға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан кәсіподақ жетекшілері мен Әзірбайжан мен Түрікменстаннан шақырылған делегациялар да қатысуда.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер: Орталық Азия елдерінің табысты мемлекетаралық көші-қонына қол жеткізу құралы ретінде трансшекаралық көші-қонды дамытуға жәрдемдесу; қоршаған ортаның жағдайы және оның аймақтағы еңбек миграциясы процестеріне әсері; Орталық Азия елдерінде кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық қорғау, еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық-құқықтық деректер банкін құру туралы; «Үздік әлеуметтік серіктес» конкурсының қорытындысын шығару.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің вице–президенті Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылғаннан бастап, үш жыл ішінде бұл интеграциялық құрылым Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан әлемдік қоғамдастықта танылғанын еске салып, халықаралық әріптестерге Кеңес қызметіне оң баға бергені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ кеңестің әлемдік қоғамдастықпен және басқа да ұлтаралық (мемлекетаралық) кәсіподақ бірлестіктерімен ашық диалогқа дайын екендігін атап өтті.
«Кеңес (ОАЕКК) құрылған сәттен бастап біз ұлттық кәсіподақ орталықтарын біріктіру және халықаралық кәсіподақ қоғамдастығында өзімізді позициялау бағытында бірлесіп, үлкен қадамдар жасадық. Кеңес отырыстарының тақырыптары әрқашан өзекті және көптеген маңызды мәселелерді көтереді. Алдыңғы отырыстарда өңірлік ынтымақтастықты нығайту, еңбек көші-қоны, туризмді дамыту, кәсіподақ жастар саясаты және бірыңғай коммуникациялық стратегия, трансұлттық корпорацияларда лайықты еңбекті ілгерілету және ТҰК жұмыс берушілерін әлеуметтік әріптестікке тарту сияқты маңызды мәселелер қаралып, бірлескен іс-қимыл жоспарында бекітілді. Осы мәселелерді мемлекетімізде қарастыра отырып, өткен жиындарда қабылданған мақсаттар мен шешімдерді жоспарлы түрде іске асыруды жалғастырамыз. Бұл шаралардың барлығы елдеріміздегі әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсартуға, көші-қон, әлеуметтік серіктестік және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ОАЕКК VI отырысының күн тәртібіне қатысты Сатыбалды Дәулеталин форумға қатысушылардың назарын еңбек көші-қоны мәселелерінің өзектілігіне аударды.
«Бүгінгі таңда еңбек көші-қоны жаһандық сипатқа ие және әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде біздің Орталық Азия аймағына әсер ететін құбылыс екенін атап өткім келеді. Еңбек құқықтарын қорғау және еңбек мигранттарының лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – қоғамның барлық салаларын тарта отырып, саяси, экономикалық және әлеуметтік шешімдер қабылдауды талап ететін күрделі міндет. Бұл процестерде кәсіподақтар маңызды рөл атқарады. Өңірдегі еңбек көші-қонын заңдастыру мәселесі кәсіподақтар үшін маңызды. Мемлекетаралық аспектіде біз Шымкентте қол қойған Еңбек көші-қоны мәселелері жөніндегі келісімді іс жүзінде іске асыруға көшетін кез келді. Бүгінгі күннің міндеттерінің қатарында Ұлттық кәсіподақ орталықтары жанынан еңбек мигранттары үшін ақпараттық-кеңес беру орталықтарын құру да бар. Ұлттық деңгейлерде біз үкіметтерге еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар білдіріп, әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық комиссия мүшелерінің қарауына нақты ұсыныстар енгізуіміз қажет; өңірлік деңгейде – еңбек көші – қоны мәселелерін шешу жөнінде бірлескен стратегия әзірлеуіміз қажет», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Қазақстан кәсіподақтар федерациясы ОАЕКК елдерінің кәсіподақ бірлестіктері арасында қол жеткізілген келісімдер аясында кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік–экономикалық мүдделерін қорғаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамыту үшін күш-жігерін салады.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасының нормалары мен кепілдіктерін сақтау мүдделілігін қалыптастыру және арттыру, кәсіподақтардың беделін, кәсіподақ ұйымдарының өкілдік ету және қорғаудағы тиімділігін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделері, кәсіподақ қызметін күшейту, тәжірибе алмасу, жұмыстың оң нысандары мен әдістерін тарату мақсатында ҚРКФ басшысы жыл сайынғы «Үздік ұжымдық шарт» халықаралық байқауын өткізуді ұсынды.
Қазақстанда еңбек, заңсыз көші – қон және мигранттардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешуге қаншалықты көңіл бөлінетіні туралы қазақстандық делегация мүшесі-ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш өз сөзінде айтып берді.
Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін реттейтін барлық негізгі актілері мен келісімдері бірлескен еңбек нарығын қалыптастыруды айқындайтынына қарамастан, қазіргі уақытта бұл келісімдерде трансшекаралық еңбек миграциясы бойынша арнайы нормалар жоқ.
«Барлық жұмысшылардың мәртебесін реттеуге, сондай-ақ қолданыстағы ережелерді жеңілдетуге мүмкіндік беретін заңнамалық негіз құру қажет. Қазақстандағы еңбекші–мигранттар баратын елдің де, шыққан елдің де дамуына белгілі бір үлес қосады: баратын ел үшін бұл қызметтерде және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда көрінеді, ал шыққан елдерде капитал ағыны байқалады. Көші-қон көптеген мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Мигранттар жергілікті жұмысшылар әртүрлі себептермен орындағысы келмейтін немесе орындай алмайтын жұмыстарды орындау арқылы ұлттық еңбек нарығындағы орынды толтырады. Соған қарамастан, еңбекші–мигранттар жиі еңбек қанауына ұшырап, құқықтары бұзылады», – деді қазақстандық спикер.
Нұрлыбек Жұмаш атап өткендей, Орталық Азия аймағындағы елдерде тіркелмеген көші-қон әлі де кең тараған. Еңбек көші-қон процестерін дұрыс реттеуде кәсіподақ ұйымдары да рөл атқаруы керек.
«Бұл процестерде маңызды рөл үкіметтік емес ұйымдарға, соның ішінде кәсіподақтарға жүктеледі. Қазіргі кезеңде кәсіподақ жұмысшылардың – кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғаушы ғана емес, кәсіподақ қызметі халықтың әртүрлі топтарының мәселелерін шешуге қатысуымен сипатталады-бұл жұмыспен қамту, гендерлік теңдік, зейнетақымен қамсыздандыру, жастарды жұмысқа орналастыру және басқа да көптеген маңызды бағыттар. Еңбек көші-қонын реттеудегі кәсіподақ үшін бірінші кезектегі міндеттер – мигранттарды кәсіподақпен қамту, мәжбүрлі еңбекті болдырмау, еңбек жағдайларын бұзуға жол бермеу, қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету және еңбек қызметі кезінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, оларды әлеуметтік жеңілдіктермен, медициналық қызметтермен қамтамасыз ету мәселелері болып табылады. Бұл міндеттерге қол жеткізу құралдары, біздің ойымызша, мыналар болып табылады: елдеріміздің салалық кәсіподақтары арасында келісімшарттар жасау тәжірибесін кеңейту арқылы кәсіподақтардың жұмысын жандандыру; халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу; көші-қон мәселелері бойынша үкіметпен және жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық; жауапкершілікті күшейту және адамдардың құқықтарының жоқтығынан пайда көріп, еңбек нарығында жосықсыз бәсекелестікті тудыратын кәсіпкерлермен күресу шараларын әзірлеу және қолдану», – деді қазақстандық тараптың ұсыныстарын білдірген ҚРКФ делегациясының өкілі.
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің VI отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбек мигранттарын қорғаудың бірыңғай тәсілдерін, қағидаттары мен стратегияларын әзірлеу жөніндегі бастамаларын, сондай-ақ ОАЕКК-не қатысушы елдердің азаматтары жіберілетін елдердің кәсіподақтарымен екіжақты келісімдер жасасу және сол арқылы олардың еңбек құқықтарының қорғалуына кепілдік беру қажеттілігін қолдады.
Сонымен қатар, ҚРКФ мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстанда 13 707 шетелдік азамат жұмыс істейді бұл ретте соңғы жыл ішінде Ресейден келген мигранттардың үлесі өскен. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 500 мың шетелдік уақытша тұруға рұқсат алған. 2023 жылдан бастап Қазақстанда визаран – заңды болу мерзімдерін жаңарту үшін мемлекет шекарасынан өту тоқтатылды. Көші-қон ережелеріне өзгерістер енгізу қажеттілігі иммигранттардың елге кіруін бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз көші-қонмен күресу мақсаттарына байланысты. Қазақстанға келген ЕАЭС азаматтары елде болу уақыты 180 күн ішінде 90 күннен аспайды. Бұл ретте белгіленген шектеулер уақытша тұруға рұқсат алған немесе виза бойынша елге келген иммигранттарға қолданылмайды. Бүгінде Қазақстанда 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы жұмыс істейді, оған біздің ұлттық жағдайларымызға бейімделген оң халықаралық тәжірибе енгізілген.
Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің VI отырысы аясында «Үздік әлеуметтік серіктес» халықаралық байқау–конкурсының қорытындысы шығарылды. Биылғы жылы конкурстық комиссияның шешімі бойынша «Қазхром «ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Прокопьев Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің бастауыш ұйымдары арасында жеңімпаз болып танылды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы