Шымкентте Үйлестіру кеңесі отырысы өтті

2024 жылғы 27 қарашада Шымкент қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында Үйлестіру кеңесінің кезекті жиналысы өтті. Жиналысқа қала аумағындағы салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері қатысып, бірнеше маңызды мәселелерді талқылады. Бұл жиналыс кәсіподақтардың жылдық қорытындысы және 2025 жылға жұмыс жоспарын нақтылау болды.

Кәсіподақтар бірлестігінің атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалды. Баяндамашы Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары  Жарқынбек Құрманбек 2024 жылы жүзеге асырылған іс-шараларды қорытындылап, кәсіподақтардың негізгі бағыттары мен мақсаттары туралы баяндады. Ол жыл бойы өткізілген тренингтер, кездесулер, семинарлар, әлеуметтік акциялар мен құқық қорғау шараларын атап өтіп, олардың жұмысшылардың әлеуметтік қорғауы мен құқықтарын қорғауға тигізген әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы бағыттар бойынша атқарылатын шаралар мен жоспарлар жөнінде ұсыныстар айтты.

ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай кәсіподақтар белсенділерін марапаттау мәселесі қаралды. Бұл шараның мақсаты – кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін күшейту және ұйым мүшелерінің еңбегін бағалау болып табылады. Жарқынбек Құрманбек кәсіподақ белсенділерінің еңбек сіңірген жұмыстары үшін марапаттау рәсімін ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтіп, марапаттау тәртібін, әрбір салалық кәсіподақ өз ұйымдарындағы еңбегімен ерекшеленген белсенді мүшелерін марапаттауға ұсыныс жасау қажеттігін атап өтті.

Жарқынбек Құрманбек 2025 жылы Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл, ал Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толады. Осы маңызды мерейтойларға орай алғашқы бастауыш кәсіподақтар ұйымдары мен олардың тарихи кезеңдері туралы мәліметтерді жинақтап, жыл бойы іс-шаралар жоспарын түзіп, кеңінен насихаттау қажет екенін ерекше атап өтті. Бұл кәсіподақтар тарихын ұлықтау, оның қоғамдағы маңыздылығын арттыру және қазіргі кезеңдегі рөлін көрсету үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.

«QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетіне жазылу мәселесі де талқыланды. Газет кәсіподақ қозғалысындағы еліміздегі соңғы жаңалықтарды, заңнамалық өзгерістерді, жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік мәселелерді жариялап, кәсіподақ мүшелерінің ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтеді. Сондықтан, салалық кәсіподақтар мүшелері «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетіне жазылуды жандандыруды қолға алуы тиіс.

Қатысушылар кәсіподақтар қозғалысын дамытуға бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын құрып, болашақта жұмыстың барлық бағыттарын үйлесімді әрі жүйелі түрде жүзеге асыруға келісті. Сонымен қатар, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін арттыру, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.