Душанбеде ОАЕКК VI отырысы аясында Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық саясат пен еңбек көші-қонында кәсіподақтардың бірлескен стратегияларын ілгерілету бойынша Халықаралық еңбек ұйымының семинары өтуде. Форум жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ХКК ОАЕКК вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация қатысуда.
ОАЕКК елдерінің ұлттық кәсіптік орталықтарының өкілдері дағдарыс мәселелерін кешенді шешу және кәсіподақтар қабылдайтын нақты шаралар туралы өз көзқарастарымен бөлісті.
Қазақстандық делегацияның мүшесі, ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш әлеуметтік-еңбек саласындағы дағдарыстардың алдын алудағы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
«Кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту және лайықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Кәсіподақтар федерациясы 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады. Жыл аясында кәсіподақтардың негізгі бағыттары айқындалды – еңбек әлемінде іргелі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті нығайту; лайықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту; еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту», - деді Қазақстан делегациясының мүшесі.
Ол 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері арасында 2024-2026 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жасалғанын атап өтті. Бас келісімде кәсіподақтардың көптеген бастамалары қолдау тапты: ХЕҰ-ның 9 конвенциясын ратификациялау; әлеуметтік әріптестердің Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын іске асыруы; әлеуметтік әріптестік тараптарының Үкімет отырыстарына және әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу қажеттілігі; еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру; ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруды қарау, оның жыл сайынғы индекстелуі.
«Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ағымдағы жылдың наурыз айында қабылданған ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты кәсіподақтар еңбек жағдайлары қауіпті кәсіпорындардың қызметкерлеріне арнаулы әлеуметтік жәрдемақы енгізуге қол жеткізді», – деді Нұрлыбек Жұмаш әріптестеріне.
Спикердің ақпараты бойынша, компенсаторлық модельден еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған жүйесінің қағидаттарына көшуді қамтитын 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында кәсіподақтардың ҚР Еңбек кодексіне барлық жұмыс берушілер үшін міндетті өндірістік кеңестер құру туралы нормаларды енгізу және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға ай сайынғы қосымша ақыны кеңінен қолдану тәжірибесі туралы ұсыныстары көрініс тапты.
Бұдан басқа, республикада Әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі кешенді жоспар және Мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарының қадамдық алгоритмі іске асырылуда.
“2024 жылы кәсіподақ мониторингі шеңберінде 55 еңбек қақтығысы тіркелді, оның 17-сінде ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары жұмыс істеді. Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтары жоқ 6 кәсіпорынды қамти отырып, 24 еңбек жанжалын шешуге қатысты. Кәсіподақтар федерациясы жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында “Еңбек консультациялары” сияқты құралды жүйелі түрде қолдануға бастамашы болды”, – деді семинар қатысушыларына ҚРКФ спикері.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы туындаған мәселелерге жедел ден қойып, әлеуметтік-еңбек саласына қатысты заңнамалық актілерді өзгерту және толықтыру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Семинарда сөз сөйлеген қазақстандық делегацияның мүшесі-Шымкент қаласының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Бауыржан Алтеев өз сөзінде Кәсіподақтар позициясынан Еңбек көші-қоны мәселелерін шешу бойынша Қазақстанда қабылданатын шаралартақырыбын жалғастырды.
“Еңбек көші-қоны мәселелерін реттеу Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыстың басты мақсаты – еңбек мигранттарының құқықтарын қамтамасыз ету. Еңбек құқықтарын қорғау, еңбек мигранттары үшін лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қоғамның кең топтарын тарта отырып, саяси, экономикалық, әлеуметтік шешімдер қабылдауды талап ететін кешенді міндет болып табылады”, – деп атап өтті Бауыржан Алтеев.
Қазақстандық сарапшының айтуынша, еңбек көші-қонын реттеудегі кәсіподақ үшін бірінші кезектегі міндеттер мигранттардың кәсіподақ мүшелігінің ықтимал мәселелері, мәжбүрлі еңбекті болдырмау, еңбек жағдайларының бұзылуына жол бермеу мәселелерінің шешімдерін іздеу және мигранттарды әлеуметтік жеңілдіктермен, медициналық қызметтермен қамтамасыз ету болып табылады.
«Мұндай стратегияны іске асыру құралдары мыналар болуы керек: елдеріміздің салалық кәсіподақтары арасында келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту арқылы кәсіподақтардың жұмысын жандандыру; халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу; көші-қон мәселелері бойынша үкіметпен және жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнату; адамдар құқықтарының жоқтығынан пайда тауып, еңбек нарығында жосықсыз бәсекелестік тудыратын жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту шараларын әзірлеу және қолдану», – деді Бауыржан Әлтеев.
Мигранттардың кәсіподақ бірлестіктерін құру немесе олардың Қазақстандағы кәсіподақтардың қатарына қосылу мүмкіндігіне қатысты қазақстандық делегацияның өкілі түсініктеме берді.
“Кәсіптік одақтар туралы” Заң Қазақстан азаматтарымен қатар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, құқықтары мен міндеттеріне шектеусіз қолданылады. Сонымен қатар, кәсіподақ құру құқығына тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана ие, шетелдік азаматтар кәсіподақтарға мүше бола алады», – деді спикер.
Семинарға қатысушылардың жұмысын қорытындылай келе, форум модераторы-Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ Бюросының еңбек қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия Халықаралық еңбек ұйымы үкіметтердің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек көші-қонын әділ негізде жүзеге асыруға бағытталған күш-жігерін қолдайтынын атап өтті.
«Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері ұсынған барлық шаралар әлеуметтік серіктестер үшін жалпы ұсынымдар үшін негіз болады. Халықаралық еңбек ұйымы, барлық жұмысшылар сияқты, еңбекші-мигранттар да құқытарының қорғалуына, соның ішінде бірлестіктер мен ұжымдық келісімдер бостандығын, кемсітушілікке жол бермеу және салауатты және қауіпсіз еңбек ортасын алуға құқығы бар екеніне сенімді», -деп қорытындылады ХЕҰ сарапшысы.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы