Жыл сайынғы дәстүрмен Ақмола облысы білім басқармасы және білім қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ кеңесі білім қызметкерлері арасында ұстаздардың мәртебесін арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында спорттың үш түрінен – тоғызқұмалақ, шахмат және волейбол ойындарынан тартысты додалар өткізді.
Турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында үздік спортшыларды анықтау.
Облыстық тоғызқұмалақ турниріне облыстың 19 ауданынан 38 қатысушы қатысты.
Жарыс нәтижесінде ерлер арасындағы жеке біріншілікте Көкшетау қаласының №21 мектеп – гимназиясының қызметкері Әсет Рыспамбетов жеңіске жетті. ІІ орынды Шортанды ауданы, Шортанды кентінің №3 ЖОББМ мұғалімі Ермек Нұрсұлтан, ІІІ орынды Атбасар ауданы, Атбасар қаласы № 2 ЖОББМ қызметкері Әділет Қабдешов иеленді. Ал әйелдер арасындағы жеке біріншілікте Красный Яр ауылының КИК қызметкері Лайла Қарабаева жеңімпаз атанды. ІІ орын Көкшетау қаласының № 4 ЖОББМ мұғалімі Ғалия Тұрархан, ал ІІІ орынды Бұланды ауданы Макинск қаласының № 2 ЖОББМ Мейрамгүл Далелхан иемденді.
Шахмат турнирінің 34 қатысушылары арасынан топ жарып, 2 ойыншы алға шықты. Осылайша ерлер арасындағы жеке біріншілікте І орынды Атбасар ауданы Атбасар қаласындағы «ОЛИМП» БСК қызметкері Игорь Забанов иеленді. Әйелдер арасында Көкшетау қаласындағы № 6 мектеп-лицейдің қызметкері Айсұлу Ғаббасова жеңімпаз атанды.
Қалған ІІ және ІІІ орынды ерлер арасында Қосшы қаласының ІT лицейінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаев және Астрахан ауданы Өндіріс ауылындағы ЖОББМ қызметкері Досбол Келденбек қанжылады. Әйелдер арасындағы біріншілікте ІІ орынды Қосшы қаласының мектеп-гимназиясының мұғалімі Асель Стрелкова, ІІІ орынды Біржан сал ауданының ОӨК қызметкері Фируза Ниязова иеленді.
Аймақтық кездесулердің қорытындысы бойынша алты команда арасында волейболдан финалдық ойындар өтті. Осы орайда Целиноград ауданының, Шортанды ауданының, Жақсы ауданының, Бұланды ауданының, Бурабай ауданының және Ақмола облысы бойынша ТжКБ басшыларының құрама командалары тартысқа түсті.
Облыстық турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесі ретпен бөлінді:
1-орын – Бурабай ауданының командасы;
2-орын – Целиноград ауданының командасы;
3-орын – Шортанды ауданының командасы.
Турнирдің барлық қатысушылары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, жүлделі орындарға ие болғандар білім басқармасы мен облыстық кәсіподақтың дипломдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.