Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Кәсіподақ мүшелері әлеуметтік демалыстар жағдайларын талқылады

ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» оқу курсы аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ көшбасшыларына арналған кезекті семинар өтті.

Кездесуді халықаралық тренерфасилитатор, ITC ACTRAV Turin, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы  Ләззат Есжанова ашты. Ол іс-шараның негізгі мақсаты кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениеті мен біліктілігін арттыру болып табылатынын атап өтті.

Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің тапсырмалары кәсіподақ көшбасшыларының кәсіподақ қызметінде консультативті көмек берген кезде қажетті білімді алуына жәрдемдесуге орайластырылған. Оқу курсы нәтижесінде тыңдаушылар Кәсіподақ көшбасшысы мектебін бітіргені туралы куәлік алады.

Семинарда тыңдаушылар демалыс түрлерімен, оның ішінде әлеуметтік демалыстармен танысты. Осы тақырыпты Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбек  қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Кыдырбаева тарқатып айтып берді. Лектор ҚР Еңбек кодексінің негізінде жыл сайынғы ақы төленетін демалыстар мен жалақы саналмайтын демалыстар түрлеріне тоқталды.

«Еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыскердің өтініші негізінде оған жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Алайда бұл демалыстың ұзақтығы заң жүзінде нақтыланбаған, сол себепті демалыс ұзақтығы жұмыс беруші құзыретіне беріледі», – деді спикер.

Райхан Кыдырбаеваның айтуы бойынша, ҚР Еңбек кодексінің 97 бабында белгіленген өмір жағдайларында жұмыс беруші жұмыскерге демалыс беруге міндеттелген.

«Неке тіркелгенде, бала туылғанда, жақын туыстары, отбасы мүшелері қайтыс болғанда, жұмыскердің хабарламасы негізінде еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда күнтізбелік бес күнге дейін жұмыс беруші жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті», – деп түсіндірді лектор.

Іс-шараның қорытындысында тыңдаушылар семинардың ақпараттық мазмұнын және талқыланған мәселелердің практикалық құндылығын атап өтті. Сонымен қатар, өздерін алаңдатқан сауалдарға тұшымды жауап алды.