Түркістан облыстық кәсіподақ орталығының Үйлестіру кеңесі Лайықты еңбек жылын қорытындылады

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кәсіподақтардың жылдық қорытындысы мен 2025 жылға жұмыс жоспарын нақтылау бойынша өткен кеңеске облыс аумағындағы салалық және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты.

Күн тәртібінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 2024 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындылары; еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша қабылданған шаралар туралы; еңбекті қорғау және өндірістік жарақаттану жағдайы туралы; Кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған стратегиясының жобасына ұсыныстар бойынша; Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің жазғы мектебін Қазақстан Республикасында өткізу бойынша;   2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы,2025 жылға «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетіне жазылу сынды өзекті мәселелер қаралды.

Кеңес барысында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі 2024 жыл «Лайықты еңбек жылы» аясында жүзеге асқан іс-шараларға тоқталды. Әсіресе ұжымдық шарттар жасасу, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту  бағытында атқарылған жұмыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ төраға еңбек қатынастарының тұрақтылығын сақтау – кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі екендігін айтып, еңбекті қорғау саласындағы атқарылған жұмыстарды саралап, облыс аумағында өндірістік жарақаттануды азайту  мен еңбек дауларын алдын алу шараларын атап өтті.

Бердіғали Өмірәлі қатысушылармен 2025-2030 жылдарға арналған Кәсіподақтар федерациясының даму стратегиясы бойынша ұсыныстарын талқылау барысында, бұл құжаттың болашақтағы кәсіподақ жұмысының негізі болатынын айтып, кеңес мүшелеріне осы стратегияның әр бағытына белсенді түрде өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы 2025 жылы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің жазғы мектебін Қазақстанда ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл шара халықаралық тәжірибе алмасуға және отандық кәсіподақтардың беделін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Ал 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселесі  бойынша Бердіғали Өмірәлі келер жылға арналған жұмыс жоспарында еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру бағыттары үлкен басымдыққа ие болатынын мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша қатысушылар 2025 жылға «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетіне жазылу мәселесін талқылады. Бұл мәселенің орындалуы бойынша кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар берілді.