Қызылорда кәсіподақтары мен «Болашақ» университетінің ынтымақтастығы бекітілді

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Болашақ» Университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

«Болашақ» университеті 30 жылға жуық тарихы бар іргелі оқу ордасы. Университетте 37 бакалавриат және 15 магистратура білім алу бағдарламасы бойынша 4 жарым мыңнан аса білім алушылардың оқулары жүреді.

Екі жақты Меморандумға қол қою рәсіміне «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, университеттің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов, университет ректоры Өмірбек Үмбетов пен профессор-оқытушылар және студенттер қатысты.

Жиынды ашқан «Болашақ» университетінің ректоры Өмірбек Үмбетов еңбек, әлеуметтік және кәсіподақ заңнамасы мәселелері бойынша тың жобалар туралы ақпарат алмасу, құқықтану саласында білікті кадрларды даярлаудың үздік тәжірибелерін тарату, ғылыми-зерттеу және оқу материалдарымен, жарияланымдармен және академиялық ақпаратпен алмасу бағытында тараптар ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов облыстық кәсіподақтармен бастамаланған тың жобаларға қолдау білдіріп, университет пен кәсіподақтар қызметіндегі ынтымақтастық келісім арқылы жүзеге асырылатын жобаларға сәттілік тіледі.

Аумақтық Кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев жастардың бойында құқықтық мәдениетті, құқықтық сананы қалыптастыру маңыздылығы мен қазіргі студенттер-болашақтағы еңбек адамдарының қоғамдағы кәсіподақтар жүйесі қызметімен етене танысуы мақсатындағы кәсіподақтар қызығушылығына тоқталды. Сонымен қатар бірлестік төрағасы аумақтық кәсіподақтар орталығындағы заң клиникасы жұмысы, кәсіподақ мамандарының жұмыскерлерге құқықтық көмек көрсету, еңбек қатынастары бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізуге ұсыныстар дайындау тәжірибелері туралы ақпаратпен бөлісті.

Меморандум шеңберінде кәсіподақтар пен университет халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық сана деңгейін арттыру, кәсіподақтар орталығының заң клиникасында дарынды жастардың кәсіби құқықтық дағдыларын жетілдіру, талдамалық жұмыс, қоғамдық мониторинг пен ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу жұмыстарымен айналысатын болады.