Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығының Заң клиникасы филиалының алаңында өзара ынтымақтастық меморандумы аясында кездесу өтті. Онда Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің заң факультетінің студенттеріне жалпыға бірдей құқықтық оқыту өткізілді.
Оған Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Ізбасар Кенжебай, университет оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытбек Телибеков, кәсіподақтар орталығының Заң клиникасының жеткшісі Ақылбек Ділжанов, “Келешек” жастар кеңесінің жетекшісі Әдина Аққағаз қатысып, өзара пікір алысып, жастарға кәсіподақтың маңызын жете түсіндірді.
Өз кезегінде студенттер тарапынан бірқатар сұрақтар келіп түсті. Олар заң клиникасының жұмысы мен жалпы кәсіподақ қызметіне үлкен қызығушылық танытты. Әсіресе ірі кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысы, әлеуметтік кепілдемелері, еңбек құқықтары, еңбек қауіпсіздігі шаралары туралы кеңінен өз сауалдарын қойып, нақты жауаптар ала алды.
Болашақ заңгерлермен ашық диалог түрінде өткен бұл басқосу тиімді болды.
Кездесулерді осы форматта жиі өткізу туралы шешім қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы заң клиникасының филиалы дүйсенбіден жұмаға дейін Маресьев көшесі, 91, каб. 24, тел : 54-55-41 мекен жайы бойынша еңбек қатынастары саласында заң көмегін көрсету үшін тұрақты негізде жұмыс істейді.