Ауыл шаруашылығы қызметкерлері еңбек заңнамасы бойынша оқудан өтті

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жалпы құқықтық оқытулары жалғасуда. Осыған орай ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатысуымен еңбек заңнамасын қолдану, келісу комиссиясы жұмысы, кәсіподақтардың еңбек заңнамасын қоғамдық бақылауы туралы оқу семинары өтті.

Семинардың ашылуында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Толыбай Жүсіпов кәсіподақтардың құқықтық оқытуларының тәжірибелік маңыздылығын атап өтіп, семинар қатысушыларына сәттіліктер тіледі. Семинар-оқуда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева еңбек заңнамасындағы 2023-2024 жылдардағы өзгерістер мен еңбек заңнамасы нормаларының қолдану тәжірибелері туралы түсіндірмелер жасады.

Семинар қатысушыларымен жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары жағдайы, Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы, жұмыс берушілердің тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі нормалары қызу талқыланды.