«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы – қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды халықаралық бастама. 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою халықаралық күнінен басталып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін жалғасатын бұл акция зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамның белсенді әрекет етуіне үндейді.Осы акция аясында Әйтеке би, Шалқар, Ойыл, Мұғалжар, Ырғыз аудандарының кәсіподақ ұйымдарында шаралар өтті.
Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру мәселелері жан-жақты талқыланды. Полиция қызметіне деген сенім деңгейін арттыру, отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту, қоғамда қауіпсіз әрі бейбіт орта қалыптастыру тақырыптары бойынша мазмұнды пікірлер айтылып, тың ұсыныстар жасалды.
Шараға қатысушылар отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына тоқталып, қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
16 күндік акция аясында аталған аудандарда семинар-тренинг, профилактикалық әңгімелесу, суреттер көрмесі, дәрістер және басқа да көптеген шаралар өтеді.