Қызылорда облысының Кәсіподақтар үйінде аумақтық кәсіподақтар білестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев төрағалығымен Үйлестіру Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдар мен кәсіподақ өкілдері қатысты, олардың қатарында: Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ғабит Жаңабаев, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облыстық департаменті басшысы Бектемір Жұмағұлов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облыстық департаменті бөлім басшысы Төреахмет Жолымбетов және кәсіподақ төрағалары.
Отырыс барысында Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов және Senim денсаулық сақтау жұмыскерлері кәсіподағының облыстық филиал төрағасы Сәулебек Ысқақов 2024 жылдың қорытындысы мен атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау, еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды және қауіпті жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтардың 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлемге жүгінуіне қатысты заңнамалық өзгерістер туралы айтылды.
Алдағы 2025 жылға маңызды іс-шаралар жоспарлануда: Қазақстан Кәсіподақтары қозғалысының 120 жылдығы және Федерацияның құрылғанына 35 жыл толу мерейтойы.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, әлеуметтік әріптестікті нығайту жолындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.