Кәсіподақ мереке қарсаңында «Қазақ радиосының» үлесін атап өтті

Ұлттық мереке – ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері «Ынтымақ» салалық кәсіподағы қалалық филиалының мүшелік ұйымы «Қазақ радиолары» ЖШС-нің ұжымын құттықтап барды.

Бүгінде аталған серіктестің құрамына біріккен «Қазақ радиосы» «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиосының қызметкерлері күнделікті тыңдармандарын кәсіби шеберліктерімен, тартымды үн өрнегі бар дауыстарымен түрлі бағдарламалар мен хабарлар ұсынып, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды қолдап, қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына айрықша үлес қосып отыр.

Әсіресе, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау, еңбек құқықтары мен кепілдіктерге қатысты ақпараттарды таратып, еңбек адамының өнегелі жолын өскелең ұрпаққа насихаттап келеді.

Іс-шара барысында «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Нұртас Көшеров ұжымда барлығы 120 қызметкер бар екенін, оның 25-і Алматы қаласындағы филиалда еңбек ететінін атап өтті. Алматы филиалының қызметкерлері онлайн арқылы қосылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанболат Жақанов қарапайым жұмысшыларға қолдау көрсетуде кәсіподақпен бірлескен жобаларын ұсынды.

Сөз алған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері қазіргі заманғы қоғам жағдайында еңбек адамын қорғау мен қолдауда кәсіподақтардың қызметіне тоқталып, Қазақ радиосының ұжымына әлі де талай асуды бағындырып, тыңдаушыларды шабыттандырып, қуанта беріңіздер деп тілегін жеткізді.

Және ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Құрмет» грамотасымен «Қазақ радиолары» ЖШС «Шалқар» радиоарнасының редакторы Гүлбағыш Бостанова мен «Қазақ радиосы» радиоарнасының аға редакторы Жанат Жанұзақовты марапаттап, ұжымға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің атынан Алғыс хат табыстады.