Жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғаудағы ынтымақтастық бекітілді

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Amanat» партиясы облыстық филиалы арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды.

Тараптар азаматтарға құқықтық көмек көрсетуді, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін дамытуға ықпал етуде бірлескен шараларды жүзеге асыратын болады.

Меморандумға қол қою рәсімінде кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев әлеуметтік-еңбек қатынастарында халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бірлесіп ұйымдастыру, ішкі еңбек нарығын қорғау, еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманы сақтау жөнінде партиялық және қоғамдық бақылауды бірлесіп ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.


Меморандум шеңберінде кәсіподақтар мен партия алаңдарында, жұмыс топтарында тараптар еңбекшілердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша, еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу жүйесін жетілдіруге қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуді көздейді.