Елордалық кәсіподақтар жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды белгіледі

Астана қаласының салалық кәсіподақтарының аумақтық құрылымдарының Үйлестіру Кеңесінің отырысы өтті. Отырысты ашқан Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов орталықтың 2024 жылы атқарған қызметі мен 2025 жылға арналған жоспарлары туралы мазмұнды баяндама жасады.

Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған төрағаның айтуынша, негізгі проблемалардың бірі – өндірістік жарақаттану, әсіресе құрылыс саласында орын алып отыр. 2024 жылы 52 оқиға, соның ішінде 12 өлім, 40 ауыр жарақат тіркелді. «Жағдайды жақсарту жолындағы маңызды қадам құрылыс алаңдарына мониторинг жүргізетін жұмыс топтарын құру болды, бұл еңбек қауіпсіздігі нормаларының бұзылуын анықтауға мүмкіндік берді.Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, құрылыс нысандарында үш мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізілді», – деп атап өтті ол.

Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау – басты міндет. 2021 жылдан бері елордада еңбек заңнамасын бұзуға байланысты наразылық акциялары мен ереуілдер тіркелмеген. «Әлеуметтік әріптестік тараптарының және кәсіподақ көшбасшыларының күш-жігерінің арқасында белсенді келіссөздер жүргізу және жұмысшылармен байланыс орнату арқылы жұмысшылар талаптарының форматын сындарлы бағытқа көшіруге мүмкіндік туды. Бұл олардың қажеттіліктері мен мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді», – деді Т.Күнәділов.

Сондай-ақ Т.Күнәділов қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға және еңбек жағдайларын жақсартуға назар аударды. «Бұл үдерістегі негізгі бағыт қаланың әрбір кәсіпорны мен ұйымдарында әзірленетін ұжымдық шарт болып табылады. Ұжымдық шарттардың сапасын арттыру үшін кәсіподақ мүшелерін ғана емес, жұмыс берушілер мен кәсіподақ мүшелері болып табылмайтын қызметкерлерді де қамтитын оқыту іс-шаралары жүргізіледі. Биыл 632 адам қамтылған 23 семинар ұйымдастырылды. Бұл оқыту қызметкерлерге өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуге, сондай-ақ туындаған мәселелерді тиімді шешуге көмектеседі», – деп баяндады.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?!» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығының, мәслихат депутаттары мен жұмыс берушілердің қатысуымен 23 кездесу өткізілді. Акция кәсіподақ пен қатардағы мүшелер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Біз өзекті мәселелер мен проблемалар бойынша кері байланыс алуға, сондай-ақ оларды шешу жолдарын талқылап, әлеуметтік әріптестермен жұмыс атқарудамыз», – деді төраға.

Отырыс барысында төраға Кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған стратегиясының жобасына ұсыныстар беру және алдағы іс-шаралар туралы айтып берді.

«2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауға ерекше назар аударылды, бұл біздің қоғамдағы еңбектің маңыздылығын көрсетеді. Кәсіподақтар әрдайым Еңбек адамының мүддесін қорғайды және қарапайым жұмысшылар үшін сенімді тірек болып қала береді. Сонымен қатар, келесі жылы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының құрылғанына 120 жыл, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл және Астана қаласының Кәсіподақ орталығына 25 жыл толады. Осы атаулы даталарға байланысты қызметкерлерді, кәсіподақ белсенділерін әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне біріктіретін бірқатар іс-шаралар жоспарлануда», – деп атап өтті Т.Күнәділов.

«Ең маңыздың іс-шаралардың бірі Қазақстанда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің жазғы мектебін (PERC Summer School 2025) өткізу болады. Бұл біздің елімізде 90 еуропалық елден ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері жиналатын алғашқы форум болады. Астанада осындай халықаралық іс-шараны өткізу – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының белсенді қызметін мойындау ғана емес, сонымен қатар халықаралық кәсіподақ қозғалысы тарапынан сенім білдіру»-деп толықтырды ол.

«Осы іс-шаралар кәсіподақтардың ұстанымын нығайтып қана қоймай, ынтымақтастық пен озық тәжірибе алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынына сенімдіміз. Бұл біз үшін ортақ игілік үшін қалай бірге жұмыс істей алатынымызды көрсету мүмкіндігі», – деп түйіндеді Төлеген Күнәділов.

Жиын соңында елордалық кәсіподақ орталығының төрағасы «Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ «Астана» қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьяроваға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Кеңес мүшелері келесі жылдың жоспарларын талқылап, пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді және кәсіподақтардың жұмыскерлердің құқықтарын қорғауда, әділ еңбек жағдайларын жасауда зор табыстарға жете алатынына сенім танытты.