ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамына кіретін Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының кітапхана үдерістерін автоматтандыру секторының бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі маманы Ақмарал Шаймерденова – өз ісіне адал әрі жауапкершілігі мол, жоғары кәсіби маман. Оның еңбек жолы үнемі жетілу мен жаңашылдыққа ұмтылудың, қызметіне деген үлкен құрметтің үлгісі.
Ақмарал Жамалқызы 1973 жылы 2 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген. №26 қазақ орта мектебінде білім алып, кейін Шымкент агро-техникалық колледжін бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент облыстық жасөспірімдер кітапханасында оператор маманы ретінде бастаған ол, 2011 жылдан бастап кітапхана үдерістерін автоматтандыру бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету маманы болып қызмет атқаруда.
Ақмарал Жамалқызы кітапхана жүйесінде жаңа технологияларды енгізу және кітапхана қызметін автоматтандыруға зор үлес қосып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмыс істейді. Ол үнемі шығармашылық көзқараспен, жаңа идеялармен жұмыс істейді, сондықтан да ұжымда жоғары бағаланады. Сонымен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеттері ерекше: әртүрлі мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді қамтамасыз етеді.
2019 жылы Алматы экономика және статистика академиясын аяқтап, кәсіби білімін одан әрі жетілдірді. Оның еңбекқорлығы мен кәсібилігі жоғары бағаланып, 2019 жылы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы тарапынан алғыс хатпен марапатталды.
Ақмарал Жамалқызының қызметке деген адалдығы, міндеттерін жоғары деңгейде орындауы, ұжыммен жақсы қарым-қатынас орнатуы — оның ең басты қасиеттері.