Қазақстандық оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Кідірбаеваның спикерлігімен Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты №93 Абылай хан атындағы жалпы білім беретін мектебінің мәжіліс залында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Еңбек дауын келісу комиссиясында шешу тәртібі» тақырыбында оқу семинары өтті.
“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы” ҚБ төрағасы Жандос Шайдулла ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынның мақсаты білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік – құқықтық актілерді түсіндіру және таныстыру болып табылады.
Алқалы жиынға салалық кәсіподақтың бас маманы Гүлзат Бралина, Түркістан облысы білім қызметкерлері кәсіподағының заңгері Ермахан Тлепберген, Сайрам ауданы білім бөлімінің заңгері Бейбіт Зиябеков, “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрайымы Гульнара Тлеубердиева және келісу комиссиясының мүшелері қатысты.
Семинарда Райхан Кідірбаева білім саласының белсенді семинар барысында келісу комиссиясының атқарар қызметі мен жауапкершілігі туралы кең ауқымды түсінік берді. Білім саласында кездесетін дау-дамайлардың ұтымды, Заң негізінде шешілуіне ықпал етіп, белсенділік танытатын, ұжымның сенімін ақтай алатын тұлға «келісу комиссиясының» мүшелері екенін атап өтті.
ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 26 тармақшасына сәйкес ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен жұмыс беруші Келісу комиссиясын құруға міндетті. Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті.
Семинар соңында қатысушылар өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, Райхан Мамашиқызы қойылған сұрақтарға жауап беріп, тәжірибесінде болған мысалдар келтіріп, осы дауларды шешудің жолдарымен бөлісті.
Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Кездесу соңында “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағына мүше бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері өздерінің алғыстарын білдіріп семинар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.