Көшбасшы мен Басшы деген ұғымдар екі бөлек. Мысалы, басшы жұмыс беруші және сол жұмыстардың орындалуына жауап беруші адам. Басшы қызметкерлері орындаған жұмысты реттеп қабылдап отырады. Бұл адамның лауазымы.
Ал, көшбасшы адамдарды жандандырады, адамдарды ортақ мақсатқа бағыттайды. Міне, Жамбыл облысындағы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония деген үлкен өнер мекемесінің көшбасшысы Назима Усенова өзінің негізгі жұмысымен қатар, халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де қашанда өзекті саласы, қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда атқарар жүгі көп –кәсіподақты дамыту жолында 2016 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.
Еңбек жолын 1988-1994 жылдары Тамды ауылында клуб меңгерушісі болып жұмыс атқарып, мәдени-ағарту шараларын ұйымдастырған. Ауыл елді-мекендерінде өнерпаз жастарға жетекшілік етіп, ауыл тұрғындарының назарына көптеген концерттер ұсынып, клуб жанынан «Әжелер» ансамблін құрып, халық әндерін жастар арасында насихаттау үшін бірнеше рет қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, «Әжелер» ансамблі аудандық, облыстық ән байқауларында лауреат атанған.
1994 жылы Жамбыл облыстық филармониясына әртіс болып жұмысқа орналасқан. Тараз қаласының 2000 жылдық мерей тойында облысқа сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. 2007 жылдың 20 ақпаныңда облыс жұртшылығына жеке шығармашылық концертін өткізіп, 2008 жылы қалалық әкімшілік тарапынан «Жыл әншісі» атанады. «Қазақстан-Тараз» арнасы өткізген тележобасында «Ең үздік орындаушы» аталымы бойынша дипломмен марапатталады. 2009 жылы жеке продюссерлік орталық ашып, «Ноян» және «Изюми» триоларын құрып, республика көлемінде өнер көрсетіп, ән байқауларына қатыстырып, үлкен жетістіктерге жетелейді. 2012 жылы Ұйымдық халықтық тәуелсіз комитетінің «Көшбасшылар» байқауында «Алтын көшбасшылар» атты дипломымен марапатталды.
Назима Үсенқызы Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, Жамбыл өңірінің ғана емес елімізде мәдениет саласының өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрген танымал кәсіби әнші. Кәсіподақ көшбасшысы ретінде жылда дәстүрлі түрде кәсіподақ тарапынан қажетті құрал жабдықтарын, жүлделерін дайындап «Отбасы күні» мерекесіне орай «Әкем және Мен-футбол сүйген!» атты облыстық футболдан турнир ұйымдастырып, өткізіп келеді.
Әншілер командасы, цирк әртістері командасы, ұлт-аспаптар командасы, бишілер командасы, шаруашылық бөлімінің командасы болып барлық әртістер белсене қатысатын іс шараға, әртістердің бала-шағасы да қуана қатысатын көрінеді. Іс шара соңында барлық командаларға орындар тағайындалып, жүлделері табысталады, кішкентай қатысушыларға жаппай тәттілер таратылады. Осылайша мекемедегі қызметкердердің басын біріктіретін үлкен ісшараға айналды, жылда кәсіподақ мүшелері сағына күтетін бұл іс шара барлығымызды бірлікке, ынтымаққа, достыққа жетелейді – дейді Назима Усенова.
Сонымен қатар, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және санатын көтеру аттестациясының уақтылы өтуін қадағалап, кәсіподақ мүшелері еңбегіне сай лайықты жалақы алуына ықпал етіп отырады.
Зейнет жасына жетіп, бүгінде демалыста отырған зейнеткерлерге де кәсіподақтың атынан сыйлықтар беріліп, үнемі назарда болады.
Филармония ұжымы әрқашан кәсіподақ көшбасшысын алға тұтып, санасып, айтқанын екі етпей тыңдайды. Міне, көшбасышының адамдарды жандандырады, адамдарды ортақ мақсатқа бағыттайды деген осы емес пе?!