Құрметті
Бас Кеңестің мүшелері, әріптестер!
Бүгін біз 2024 жылғы жұмысымызды қорытындылаймыз. Биылғы жыл қиындықтарға, түрлі оқиғалар мен жетістіктерге толы болды. Ал бүгін біздің мақсатымыз – жүріп өткен жолды жай ғана талқылау емес, өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайда даму векторын айқындау, Кәсіподақтар федерациясының еңбек құқығының сенімді қорғаушысы ретіндегі ұстанымын нығайту.
Сіздердің қолдарыңызда Кәсіподақтар федерациясы мен оның филиалдары жұмысының негізгі бағыттары туралы толық ақпараттық есеп бар.
Енді 2024 жылы болған маңызды оқиғалардан бастайық.
Көмек және қолдау көрсету жылы
Біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету болды. Бұл қиын жағдайда Кәсіподақтар федерациясы да шет қалмады: 225 миллион теңгеден астам материалдық көмек пен 14 миллион теңге гуманитарлық көмек жиналды. Үйінен айырылғандарға тұрмыстық техникаға 45 сертификат берілді. Бірақ ең бастысы, біз кәсіподақ шипажайларына 214 адамды орналастырып, денсаулығын жақсартып, сауықтыру арқылы адамдарды материалдық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да қолдадық.
Тағы бір маңызды оқиға АЭС салу жөніндегі республикалық референдум болды. Федерация еліміздегі АЭС құрылысын қолдап, өнеркәсіпті дамыту мен жұмысшылардың денсаулығы үшін қолжетімді және таза энергияның маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте жобаны жүзеге асыруға отандық мамандардың қатысу және азаматтық жауапкершіліктің ортақ болу қажеттігін басты назарда ұстадық.
Лайықты еңбек жылы
2024 жыл Лайықты еңбек жылы аясында өтті. Федерация өз күш-жігерін әлеуметтік диалогты нығайтуға, еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағыттады.
Бірінші. Үшжақты ынтымақтастық пен әлеуметтік диалогты нығайту
Біз 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімге, 10 салалық және 20 өңірлік келісімге қол қойдық. Бұл құжаттар жұмыс берушілер және билік органдарымен тығыз қарым-қатынас жасауға негіз болды.
Ағымдағы жылы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның 2 отырысы өтті. Онда еңбек дауларының алдын алу және шешу, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу және бекіту мәселелері қаралды. Сондай-ақ ірі кәсіпорындардағы ахуал туралы, оның ішінде сапалы және қауіпсіз жұмыс орындарын құру бойынша қабылданып жатқан шаралар тыңдалды.
Өңірлерде өңірлік үшжақты комиссиялардың 102 отырысы (2023 жылы – 166) өткізілді, онда АКБ (аумақтық кәсіподақ бірлестіктері) жетекшілерінің төрағалығымен 16 отырыс, облыс әкімдерінің төрағалығымен 24 отырыс өткізілді.
Бұл отырыстарда 281 мәселе қаралды, оның ішінде 91 мәселе (33%) кәсіподақтардың бастамасымен болды.
Екінші. Қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру. Мұнда негізгі міндеттер ұлттық табысты әділ бөлуді қамтамасыз етуге, экономикадағы орташа және медианды жалақы арасындағы алшақтықты азайтуға, ең төменгі жалақыны түзетуге бағытталған.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасының нәтижесінде 2024 жылғы 1 наурызда РҮК (республикалық үшжақты комиссия) отырысында ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасы мақұлданды. Ал 2024 жылдың 20 наурызында Үкіметтің қаулысымен бұл жоба бекітілді.
2024 жылы ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтерілді, бұл 1,8 миллион жұмысшының, оның ішінде 350 мың бюджеттік сала қызметкерінің кірісіне оң әсер етті.
Ауыр еңбек жағдайлары үшін қосымша төлем 2024 жылдың шілдесінен бастап, орман шаруашылығы қызметкерлерінің лауазымдық жалақысының 100% мөлшеріне өсті.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,1 миллиард теңге қарыз өтеліп, 16,5 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғауға мүмкіндік берді.
Үшінші. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мәселелерді реттеу
Біздің мониторинг деректеріміз бойынша 2024 жылдың 10 айында жазатайым оқиғалардың саны 30%-ға (2024 жылы – 852, 2023 жылы – 1236) азайған. Соның ішінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда да жазатайым оқиғалардың 31%-ға төмендеуі байқалады (2023 жылы 422-ге қарсы 290).
Есепті жылы осы саладағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен бірқатар өзгерістер бар.
Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қолданысқа енгізіліп, 2024–2030 жылдарға арналған Өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданды.
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау заңнамасын жетілдіру бойынша нақты шаралар белгіленген лайықты еңбекті ынталандыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды.
«Халықтық бақылау» жобасы 213 кәсіпорынды қамтыды, бұл еңбек жағдайын бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. 3885-тен астам кәсіпорын қосылған «Vision Zero» концепциясы жұмыс орнында нөлдік травматизмнің қажеттілігін арттырды.
Сонымен қатар, біз Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығын қалпына келтіруге қол жеткіздік. Бұл жұмысшылар үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасау мәселесінде маңызды қадам болмақ.
Төртінші. Еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу және шешу.
2024 жылы еңбек даулары өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға азайған. Тіркелген 60 жағдайдың 44-і (73%) келіссөздер мен түсіндіру жұмыстарының арқасында ереуілге жетпей шешілді.
Құрылған қадамдық іс-қимыл алгоритмі туындаған дауларға тиімді ден қоюға көмектесті. Ал 2025–2026 жылдарға арналып, бекітілген Жол картасы даулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осы жыл ішінде 1100-ден астам еңбек консультациялары өткізілді, оған 9 мыңға жуық жұмысшы қатысты, сонымен қатар 35 мың адамға 491 оқыту семинары өткізілді. Бұл еңбек ұжымдарындағы шиеленісті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
Халықаралық ынтымақтастықтағы серпіліс
ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы сапарын мақтанышпен айтамыз. Бұл сапар біздің халықаралық аренадағы күш-жігерімізді мойындаудың дәлелі болды дей аламыз.
ХЕҰ басшысы Федерацияның қызметіне жоғары баға беріп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, гендерлік теңдік, жастарды жұмыспен қамту, ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу сияқты негізгі мәселелер бойынша Федерацияның жұмысына қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айында БЕАК-нің Атқару комитетінің отырысында Қазақстанда алғаш рет БЕАК-2025 Жазғы мектебін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Онда Еуропаның 54 елінен кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Бұл шешім еліміздің кәсіподақтарын нығайту және халықаралық кәсіподақ қозғалысының бізге деген сенімі жоғарылату үшін маңызды қадам болмақ.
Жалпы, халықаралық бағытта үлкен прогреске қол жеткізілді. Біз алдағы уақытта да ХЕҰ, ХКК және шетелдік кәсіби орталықтармен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырамыз.
Құрметті Бас кеңес мүшелері!
Қорытындылай келе, бүгін менің әріптестерім біздің қызметіміздің негізгі бағыттарымен толығырақ таныстыратынын атап өткім келеді.
Қорытынды сөз
Құрметті әріптестер!
Осы мәселені қорытындылай келе, 2025 жылы біздің алдымызда тұрған негізгі міндеттерге назарларыңызды аударғым келеді.
Бірінші. 2025 жыл айтулы оқиғалармен ерекшеленбек – Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және ҚРКФ-ның кезекті съезі. Біз бұл оқиғаларды лайықты атап өтуіміз керек.
2025 жылдың алғашқы күндерінен бастап алдағы қыркүйекте өтетін Кәсіподақтар федерациясының есеп беру съезіне дайындықты бастау қажет. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр.
Екінші. «Әрбір қызметкерке – лайықты жалақы» тұжырымдамасын одан әрі ілгерілету. Тек лайықты жалақы халықтың өмір сүру деңгейін және тұтынушылық сұранысты жақсартады, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.
Үшінші. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жүзеге асыруға белсенді қатысу және кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасын одан әрі енгізуге және «Vision Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасына қосылуға ықпал ету.
Төртінші. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл ерен еңбегін құрметтеу мен танудан басталатын Еңбек адамын нақты қолдаудың маңызды қадамы болмақ.
Жұмысшы мамандықтары туралы қоғамдық қабылдауды түзету үшін кәсіптік бағдар беру сипатындағы ақпараттандыру жұмысын күшейту қажет. Табысты еңбек мысалдарын эфирге беру, кәсіптер мен өндірістің әртүрлі түрлері туралы айту керек.
Бесінші. Норма шығармашылық қызметке қатысу арқылы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастыру. Соның ішінде облыстық деңгейде бұл жұмысқа «Еңбек» депутаттық топтарын белсенді тарту.
Алтыншы. Кәсіподақтарды цифрландыру жұмысын күшейту, кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық құралдарды енгізу.
Жетінші. Оқыту сапасы мен тақырыптардың сұранысын ескере отырып, кәсіподақ жетекшілерінің оқуын және кәсіподақ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.
Басты назарда қарапайым еңбек адамы екенін тағы да еске саламыз. Біз қарапайым кәсіподақ мүшелері күтетін нәтижеге ұмтыламыз. Ол үшін жұмысты тиімді және жақсы қарқынмен қайта ұйымдастырамыз.
Құрметті әріптестер, 2024 жылдың соңы өткенге көз жүгіртуге ғана емес, болашақ туралы ойлауға мүмкіндік береді. Біздің қолымызда миллиондаған еңбекшілердің тағдыры, олардың әл-ауқаты мен ертеңгі күнге деген сенімі бар. Тек бірлік, ортақ мақсат пен табандылық қана алға жылжып, еңбекшілердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Сіздердің ерен еңбектеріңіз, күш-қуаттарыңыз және ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін рақмет. Біз бірге әлемді жақсы жаққа өзгерте алатын үлкен күшпіз, осыны естеріңізден шығармаңыздар!
Назарларыңызға рақмет!