Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» тақырыбында дәстүрлі салтанатты шара өтті. Шарада барлығы 500-ге жуық кәсіподақ мүшесі марапатталды. Салтанатты жиында облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хаттары, «Мерке», «Көктем», «Сосновый бор» шипажайына жолдама, қаржылай сертификаттар, Ташкент-Cамарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа және жас мамандарға Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама тапсырылды. Сонымен қатар кәсіподақ көшбасшылары ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, әлеуметтік әріптестер «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, 200 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Шарада «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» және «Ақтөбе облысының үздік педагогы» байқауының үздіктері 400 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының демеушілігімен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалында Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Жобалық кеңсенің бастамасымен, облыстық білім басқармасының қолдауымен «Жобалық менеджмент – мектепте!» пилоттық жобасы бастау алған болатын. Жоба аясында серіктестік орнап, кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігін арттыру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының ұйымдастыруымен кәсіподақ көшбасшыларына арналған семинар-тренинг өтті. Семинарға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Ақтөбе облысының білім басқармасы мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының арасында 2024-2026 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылды. Құжаттың негізгі мазмұны Еңбек кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді жастарымен кездесті. Онлайн форматтағы кездесуде кәсіподақ төрағасы «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасының кәсіподақ қызметін арттыру мен жаңғырту шеңберінде жастармен жұмысты жүйелі және белсенді жүргізуге баса назар аударылғанын атап өтті.