Еңбегі еленген абзал жан

Түркістан облысында спорт саласындағы үздік мамандарды марапаттау дәстүрі жалғасуда. Осы орайда «Түркістан облысының спортшылары мен спорт саласындағы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шадияр Кондыбаев Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Ашированы «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы төсбелгімен марапаттады.


Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтіп, Шадияр Кондыбаев спорт саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті. Ол Айнұр Аширова сынды білікті мамандардың тынымсыз еңбегі арқылы өңірдегі жас спортшылардың таланты ашылып, болашақ чемпиондардың қалыптасып жатқанын айтты.

Айнұр Аширова бұл марапаттың өзін әрі қарай да жауапкершілікпен жұмыс істеуге шабыттандыратынын айтып, құрмет көрсеткені үшін өз алғысын білдіріп: «Бұл марапат – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың еңбегінің жемісі. Түркістан өңірінің спортын дамыту жолында одан әрі аянбай еңбек етеміз», – деді.


Бүгінде осындай марапаттар спорт саласындағы қызметкерлерді шабыттандырып, өңірдегі спорттың дамуына зор ықпал етуде. Түркістан облысы спорт саласының өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды тану мен қолдау үрдісі алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.