ҚРКФ төрағасы Абай облысының кәсіподақ белсенділеріне бірқатар міндеттер қойды

Сәрсенбі, 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бейнеконференцбайланыс арқылы Абай облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізді.

Абай облысының аумақтық бірлестік төрағасының міндетін атқарушы Досжан Байқадиев ҚРКФ басшылығын облыстық кәсіподақ орталығының ағымдағы қызметі туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Абай облысында 751 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін тоғыз салалық және сегіз жергілікті кәсіподақ ұйымының филиалдары жұмыс істейді, олардың құрамында 60 786 кәсіподақ мүшесі бар.

«Кәсіподақ орталығы құрылғаннан бері 2024 жылы 63 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің 11 кәсіпорнында өндірістік кеңестер құрылды. 2023 жылмен салыстырғанда өлім-жітіммен аяқталатын жарақат деңгейі 66%-ға төмендеді. 2024 жылдың маусым айында Абай облысының әкімдігі, жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында 2024-2026 жылдарға арналған Өңірлік келісімге қол қойылды. АКБ бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік Келісімге мынандай негізгі тармақтар енгізілді: қызметкерлердің барлық санаттарына, оның ішінде біліктілігі жоқ қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалысы кезіндегі еңбекақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу; ауылды елді мекендерде тұратын мамандарға отын сатып алуға және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды жабуға көмек көрсету», – деді Досжан Байқадиев.

ҚРКФ басшысын салалық кәсіподақтар филиалдарының қызметі туралы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Сәбит Ибраев пен SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Марат Бекбаев хабардар етті.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалының төрайымы Гүлсара Баймағамбетова «Семей орманы» резерваты қызметкерлерінің уәде етілген төлемдерін кешіктіріп жатқаны туралы баяндады.

Әріптестерін тыңдап, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы орман шаруашылығы қызметкерлерін еңбекақы төлеу мәселелерін қайтадан бақылауға алатынын атап өтті. Сондай-ақ 2023 жылы Семей өңіріндегі ауқымды өрт болған кезде де ҚРКФ қызметкерлерді қолдағанын еске салды.

Сатыбалды Дәулеталин өткен жылы Федерация қызметінің негізгі қорытындылары туралы айтып, бірқатар жетістіктерді атап өтті. Оның айтуынша, ҚРКФ-ның бастамасымен ең төменгі жалақы мөлшерін есептеу әдістемесі қабылданды, 2030 жылға дейін Қауіпсіз кен тұжырымдамасы іске асырылуда, лайықты еңбектің Жол картасына қол қойылып, республикалық үшжақты комиссия шеңберінде әлеуметтік әріптестік жоспарлы түрде дамуда.

Сатыбалды Дәулеталин әріптестер назарын ағымдағы жылы кәсіподақтардың алдында тұрған міндеттерге аударды.

«Абай облысы – жаңа аймақ, сондықтан кәсіподақ белсенділері еңбекшілердің мүддесін қорғауға бар күш-жігерін салуы керек. Жұмысшылардың пайдасын ойлап, қолданыстағы ұжымдық шарттардың тиімділігі мен сапалы мазмұныанықтау үшін оларға талдау жүргізу қажет.  Бұл мәселені әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия деңгейінде қарастыру керек. Өңірдегі кәсіподақ қозғалысын қамтуды арттыру қажет. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтін кәсіпорында тиімді ұжымдық шарттар қабылданып, өндірістік жарақат алу жағдайлары азаяды, жұмысшылардың мәселелері тез шешіліп, құқықтары кәсіби түрде қорғалады», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин 2025 жылға арналған міндеттердің қатарында ҚРКФ-на мүше ұйымдардың Жұмысшы мамандықтары жылында Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін жандандырудың маңыздылығына да тоқталды.

«Кәсіподақтардың міндеті – қатардағы кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығы мен бірлігін нығайта отырып, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға өз үлесін қосу. Қарапайым жұмысшылар үшін лайықты еңбек жағдайлары мен лайықты жалақы – біздің кәсіподақтар үшін ең маңызды дүние», – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасы.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы