Бейсенбі, 16 қаңтарда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы-Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК-нің БЕАК) вице–президенті Сатыбалды Дәулеталин БЕАК Басқарушы комитетінің отырысына қатысты. Биылғы жылдың бірінші отырысы бейнеконференция арқылы өтті.
БЕАК Президенті Игорь Зубку мәлімдеген отырыстың күн тәртібіне сәйкес Комитет мүшелері өткен жылдың қызмет қорытындыларын қарап, 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын талқылап, ұйымның ағымдағы жылға арналған бюджетін бекітті.
Жылды қорытындылай келе, БЕАК Президенті Игорь Зубку ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталинді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесінің мүшесі болып сайлануымен құттықтады.
«Сатыбалды Дәулеталиннің ХҚК Бас кеңесіне толыққанды мүшелігі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ұлттық және халықаралық деңгейдегі еңбекшілердің құқықтарын қорғауға қосқан үлесін, сондай – ақ жаһандық кәсіподақ қозғалысындағы Қазақстан кәсіподақтарының өсіп келе жатқан беделін мойындау болды», – деді БЕАК Президенті.
БЕАК Басқарушы комитетінің мүшелері Астанада БЕАК-нің Жазғы мектебін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасын қарады. Отырысқа қатысушыларға Қазақстан туралы бейнеролик көрсетілді.
ХКК БЕАК-нің Бас хатшысы Эстер Линч Қазақстанда БЕАК Жазғы мектебін өткізу туралы ҚРКФ бастамасын қолдайтынын айтты.
«БЕАК мүшелік ұйымдарының кәсіподақ жетекшілеріне жиналуға және кәсіподақ қауымдастығы үшін ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін ұтымды ұсыныс болды», – деп атап өтті Эстер Линч.
Өз кезегінде, ХКК БЕАК Президенті Игорь Зубку Қазақстан Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың маңызды серіктесі екенін, ал Астанадағы БЕАК Жазғы мектебін ұйымдастыру – Еуропа мен Орталық Азия арасындағы диалогты нығайтуға тамаша мүмкіндік екенін айтып, бұл мәселедегі Қазақстанның рөлі зор екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Австрия Кәсіподақтар федерациясының халықаралық бөлімінің басшысы Маркус Штромайер Жазғы мектептің күн тәртібіне «Жұмыс орнындағы демократия» тақырыбын енгізуді ұсынды және Қазақстанмен танысудың бірегей мүмкіндігін атап өтті.
Әріптестерін тыңдап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы-Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК БЕАК) вице–президенті Сатыбалды Дәулеталин БЕАК Атқарушы комитетінің мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғысын айтты.
«Астанадағы БЕАК Жазғы мектебі Орталық Азия өңірінде лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілетуді кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы кездесу – тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіподақ қоғамдастығын одан әрі дамыту үшін тиімді ұсыныстар әзірлеуге жақсы себеп», – деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.
Басқарушы комитет мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Астанада БЕАК Жазғы мектебін өткізу туралы бастамасын бірауыздан қолдады. БЕАК Жазғы мектебі – ұлттық кәсіптік орталықтардың көшбасшылары мен халықаралық сарапшылар жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту саласында ортақ қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылайтын және БЕАК-нің қатысушы елдерде іске асыру үшін ұсыныстар әзірлейтін пікірталас алаңы болмақ.
Осылайша, Астанадағы Жазғы мектеп форматындағы ХКК БЕАК-нің кезекті форумы Орталық Азия өңірінде алғаш рет ағымдағы жылдың шілде айында өтеді. 50–ден астам Еуропа елдерінің ұлттық кәсіптік орталықтарының өкілдері, сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары қатысады деп жоспарлануда.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы