Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы елордалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова Астана қаласындағы «Қадір Мырза Әли атындағы BINOM SCHOOL мектеп лицейінде» 9-сынып оқушыларымен кездесті. Шараның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, оқушыларды құрылыс кәсіптерімен таныстыру.
Тілеулес Мадьярова өзінің еңбек жолы мен кәсіподақ қызметіндегі жетістіктері туралы қызықты әңгімелерімен бөлісіп, қазіргі қоғамдағы құрылыс мамандығының маңыздылығына тоқталды. Ол кәсіподақтың жұмысшылардың құқықтарын қалай қорғайтыны, олардың дамуына ықпал ететіні және кәсіби өсуіне жағдай жасайтыны туралы айтты.
«Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Еліміздегі қалалар, соның ішінде елордамыз жыл сайын көркейіп, биік ғимараттар бой түзеп келеді. Бұлардың бәрінде құрыш қол құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Өз үлестерін қосып отырған құрылысшыларымыздың еңбегі қашан да құрметке лайық»,-деп атап өтті Т.Мадьярова.
Оқушылар құрылыс саласындағы мамандықтардың алуан түрлілігін, құрылысшылардың еліміздің дамуына қалай үлес қоса алатынын қызығушылықпен тыңдады. Кездесу танымдық қана емес, шабыттандыратын, жасөсіпірімдердің өз болашағын сұранысқа ие және маңызды мамандықтарға деген құштарлығын оятты.