«Нағыз ару»: жұмысшы әйелдер тәжірибе алмасуда

Дүйсенбі, 20 қаңтарда Ақмола облысындағы «Щучинский» кәсіподақ шипажайында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған, ҚРКФ мүшелік ұйымдарының жұмысшы мамандықтарының өкілдері – жұмысшы әйелдер үшін «Нағыз ару – Real woman» үш күндік семинар өз жұмысын бастады.

Семинардың жұмысын аша отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева семинар жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған алғашқы іс – шаралардың бірі екенін атап өтіп, қатысушыларға ҚРКФ қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.

«Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттарының бірі – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, оның бір бөлігі – гендерлік теңдік. Кәсіподақтардың гендерлік саясатының мақсаты – жұмысшы әйелдердің позициясын, олардың құқықтары мен мансаптық өсу, кәсіптік білім алу мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау. ҚРКФ Бас кеңесі еңбек саласындағы әйелдердің пайдасына орай әлеуметтік-еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысу шаралар кешенін қамтитын Гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдады. Қазақстанда ҚРКФ-ның қатысуымен ХЕҰ-ның негізгі конвенциялары ратификацияланды: №183 «Ананы қорғау туралы», №156, №26, №95 және т.б. Қазіргі таңда ҚРКФ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, №190 Конвенцияны ілгерілетуге өз үлесін қосуда», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

ХЕҰ/АКТРАВ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Сергеюс Гловацкас семинарға қатысушыларға әлеуметтік-еңбек саласындағы Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын енгізудің маңыздылығын баяндады.

«Қазақстан посткеңестік кеңістіктің қазіргі геосаясатындағы, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын ратификациялаудағы тұрақтылық нышаны іспеттес. Кәсіподақтар федерациясы мен ХЕҰ Халықаралық еңбек стандарттарын әзірлеу және іске асыру бойынша толық көлемде ынтымақтасады. Мұндай өзара іс-қимылдың жарқын мысалы-біздің семинарымыз. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы заңнаманы әзірлеуге қатыса отырып, Еңбек адамының мүдделерін алға тартады, сондықтан кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен өтетін мұндай семинарлар ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды», – деді халықаралық сарапшы.

Семинардың бірінші күні әртүрлі сала мамандарының қатысуымен бірнеше панельдік сессиялармен өтті.

Мысалы, нейродизайнер, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің докторанты Айнагүл Бекебаева семинарға қатысушылармен түрлі платформаларда жұмыс істеуге арналған лайфхактармен, кәсіби және күнделікті өмірде ЖИ қолдану дағдыларымен бөлісті.

«Нейрожелілермен жұмыс істеу дағдыларын меңгерген адам қызметтің кез келген саласында өзінің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейте алады», – деп кеңес берді Айнагүл Бекебаева.

Осы ретте семинарда Ақмола облысынан келген диқан Гүлмайра Баймақова өзінің табыс тарихын айтып берді.

Жарты гектар жерді алып, бақша дақылдарын өсіруді қолға алған ол мемлекеттік гранттарды пайдаланып, түрлі жобаларға атсалысып, бірте-бірте кәсібін кеңейтті. Биыл ол 45 тонна өнім жинады, оның ішінде қауын-қарбыз да бар екен. Оның айтуынша, химикатсыз өсірілетіндіктен, басқа жақтан келетін өнімге қарағанда дәмі жақсы. Оның өнімдеріне деген үлкен сұраныс – сапаның жоғары деңгейде екендігін дәлелдейді.

Семинарда Гүлмайра Баймақова өзінің «Ауылдың дәмі қалада – Балкондағы сиыр» («Вкус села в городе – корова на балконе») авторлық жобасын ұсынды. Жобаның мәні-қала тұрғындары сиыр сатып алады, ал ауыл тұрғыны оларды сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жоба Степногорск қаласында сәтті жүзеге асырылуда.

Спикер өз ісін бастау үшін көп ақша қажет емес екенін атап өтті. Ең бастысы-тілек пен табандылық. Ол семинардың қатысушыларына шағын бастапқы инвестиция болса да, өз бизнесін қалай бастап, дамытуға болатынын түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Семинардың бірінші күні ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова жүргізген кәсіподақ жетекшісінің дағдылары бойынша мастер-класспен аяқталды. Оның жетекшілігімен қатысушылар еңбек ұжымындағы қарым-қатынасты құру бойынша жағдайларды талдап, жан-жақты талқылады.

«Еңбек заңнамасын білу және заңнаманы сақтану әрбір ұжым мүшесіне әлеуметтік-еңбек қатынастарын құра білуге, ең бастысы, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді», – деді сарапшы.

Ертең семинар басқа да тақырыптық сессиялармен жалғасады, қатысушылар гендерлік саясатты ескере отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын әзірлейді.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы