Сәрсенбі, 22 қаңтарда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп, еліміздің барлық өңірлерінен жиналған ҚРКФ мүшелік ұйымдарының жұмысшы мамандықтары өкілдері – жұмысшы әйелдер үшін ұйымдастырған «Нағыз ару – Real woman» үш күндік семинары өз жұмысын аяқтады.
Семинардың соңғы күні қатысушыларға жұмысы жайында қалың жұртқа қалай тиімді түсіндіру, көрсету керектігі талқыланды. Кәсіподақтар федерациясының Медиа орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова табысты коммуникацияның құпияларымен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіподақтар «қызметі туралы сапалы, сенімді және жедел ақпараттандыруы керек».
«Журналистермен және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа өкілдерімен байланысты нығайту – хабардарлықты арттырудың негізі. Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды дамыту да дәл солай маңызды. Ақпараттық технологиялар заманында әрбір кәсіподақ мүшесі спикерлік дағдыны қалыптастыруы керек, өйткені ол сала туралы ісін жетік білген маманнан артық ешкім хабарлай алмайды», – деді Гүлмира Қаракөзова.
Ол ақпаратты қолжетімді және қызықты түрде жеткізу тәжірибесі мен дағдыларымен бөлісті.
Семинарда қатысушылар жаңалық контентін құру, жаңалық тақырыбын қалыптастыру және қызықты мәтіндер жазу бойынша практикалық кеңестер алды. Сондай-ақ олар көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын, соның ішінде сұхбат алуды және мультимедиялық материалдарды жасауды қоса алғанда, заманауи онлайн жарнама жасауды үйренді.
Қатысушылар семинардың жоғары практикалық маңызын және әріптестермен тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігін атап өтті.
Семинар жұмысын қорытындылай отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева қатысушыларға іс-шараға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, жұмысшы мамандықтары өкілдерін әрқашан өзін-өзі дамытуға, кәсіподақ идеяларын қолдауға және алған білімдері мен дағдыларын еңбек ұжымдарында ілгерілетуге шақырды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша барлық қатысушылар тренингті сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар алып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті.
Семинар жұмысы туралы спикер Яна Лукпанова іс – шараның негізгі мақсаты – ҚРКФ қызметінің стратегиялық, өзекті түрлерін талқылау, кәсіподақтар жұмысындағы үздік тәжірибелерді зерделеу және жұмысшы мамандықтарын дәріптеу екенін айтып, бұл мақсаттың орындалғанын атап өтті.
«Жеке және мансаптық өсуге ықпал ететін мықты мотивациялық блок, еңбек заңнамасын қолдану практикасы бойынша тренингтер, chat – gpt-мен жұмыс істеу тәсілдері, мәдениетке, ғылымға үлес қосу тәжірибесі, ауыл шаруашылығындағы жетістіктер, гендерлік стереотиптерді еңсеру бойынша тәжірибелерді қамтыған керемет семинар өтті. Ұйымдастырушыларға жоғары деңгейде өткізілген іс-шара үшін алғыс айтамын, барлығы нәтижелі, өзекті, пайдалы болды. Осы орайда кәсіподағымызға ерекше алғысымды білдіргім келеді», – деді Яна Лукпанова.
«Бұл семинарда түрлі тағдырлар тоғысқандай болды. Біз мүлде бөлек, бір-біріне ұқсамайтын жандармыз, бірақ бізді біріктіретін бір нәрсе – ол біздің мақсатымыз! Семинарда кәсіподақтың маңызды рөлі және оның мағыналы жұмысы көрсетілді, біз нәзік жандылардың қиындықтарды қалай еңсергенін көрдік және олардың өз ісіне қаншалықты адал екенін білдік! Семинардан біз зор білім мен мотивация алдық! Осы орайда кәсіподақ – биік шыңда тұрған үлкен ұйым екеніне тағы да көзіміз жетті.Осы үш күнде алған білімімді әріптестеріммен бөлісуге асықпын десем де артық болмас», – дейді семинарға қатысушы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының филиалы «ТНК «Қазхром» АҚ аналитикалық бақылау жөніндегі инженер-химик Гүлнұр Өтеулина.
«Жұмысшы мамандықтар жылына арналған семинар үлкен әсер қалдырды. Қазіргі әлемдегі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін өте өзекті және пайдалы форматта өтті. Спикерлер өз мысалдарымен шабыттандырды және бұл мамандықтардың экономика мен қоғамның дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Айта кету керек, осы саладағы тәжірибелік дағдылар мен мансаптық перспективаларға баса назар аударылғаны ерекше қуантты», – деп өз пікірімен бөлісті “Қамқор Вагон“ ЖШС “Павлодар ВЖД“ филиалы жоспарлау-экономикалық бөлімінің технигі Марина Харчук.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы