«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Светлана Иманқұлова Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесіп, бастауыш кәсіподақ ұйымын құру жөнінде ақпараттық түсіндірме берді.
Кездесу барысында Светлана Иманқұлова кәсіподаққа мүшеліктің құқықтары мен мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып, спорт қызметкерлерінің мүдделерін ұжымдық қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына, соның ішінде еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және ұйым мүшелерін әлеуметтік қолдау бағытында салалық кәсіподақтың атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, дирекция қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Дирекция директоры Айдын Тоқбаев өз кезегінде кәсіподақ ұйымын құру бастамасын толық қолдайтынын жеткізе келе, әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығына баса назар аударды. Және кәсіподақ ұйымын құру басшылық пен еңбек ұжымы арасындағы диалогтың маңызды құралына айналатынын, өзекті мәселелерді тиімді шешуге және еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.