Қызылордада мәдениет және өнер саласы қызметкерлері пәтер иеленді

Құрылысы қарқынды дамыған Қызылордада мәдениет және өнер қызметкерлеріне 40 пәтердің кілттері табысталды.

Сыр өңірінің мәдениеті дамуы жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарының баспаналы болуы аймақта «Руханият жылы» болып атанған 2024 жыл қорытындысымен жүзеге асты.

Жаңа қоныс иелерін Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Раушан Үмбетова құттықтап, сала мамандарының қуаныштарына ортақтасты. Салалық кәсіподақ филиалы тарапынан қуаныш иелеріне тұрмыстық заттар сыйға тартылды.

Бұл жоба өңірдің мәдениет саласын қолдауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Қызылорда облысының мәдениет қызметкерлері үшін ұйымдастырылған баспаналы болу мүмкіндігі олардың жұмысындағы тұрақтылықты арттырып, шығармашылыққа деген құлшыныстарын одан әрі ынталандырады. Жаңа үйлеріне қоныстанған мәдениет қызметкерлері облыстың мәдени дамуына үлес қосып, өздерінің кәсіби міндеттерін орындауға одан әрі ынталы болатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, бұл шара тек баспана мәселесін шешумен шектелмей, мәдениет қызметкерлерінің өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың әлеуметтік жағдайын нығайтуға да бағытталған. Облыс әкімдігі мен сала өкілдері бұл бастаманың болашақта жалғасын табатынына үміт білдіріп отыр.