Әлеуметтік әріптестік – табысты жұмыс кепілі

Орал қаласы әкімдігінің кіші залында қалалық үш жақты комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жиналысқа мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және еңбеккерлердің өкілдері қатысып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Комиссия отырысының күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралды, соның ішінде мекемелердің қызметкерлеріне төленбеген жалақы, міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдары туралы мәселелер болды.

Жиында қаралған басты тақырыптардың бірі – «Батыс-Қазақстан автобус паркі» ЖШС жұмысшыларының еңбек құқығы. Қызметкерлердің алдындағы жалақы берешегі мен басқа да әлеуметтік кепілдіктердің сақталмауы жұмыскерлердің құқықтарына қауіп төндіріп отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты, комиссия мүшелері аталмыш мәселені шешу үшін тиісті шараларды қолға алу туралы шешім қабылдады.

Жиынға қатысқан комиссияның тұрақты мүшесі, «БҚО Кәсіподақтар орталығының» төраға орынбасары Атауов Бауыржан Аяпбергенұлы, еңбек құқықтарын қорғау және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстарды жалғастыру керектігін айтты. Ол сондай-ақ, барлық тараптардың бірлесіп, еңбек дауларын шешуге бағытталған нақты қадамдар жасау керектігін атап өтті.

Комиссия отырысында қаралған мәселелердің әрқайсысына қатысты жауапты органдар мен тараптар тиісті міндеттерін орындауға уәде берді. Алдағы уақытта комиссия мүшелері осы мәселелерді бақылауда ұстап, жұмысшылардың құқықтарын қорғау шараларын қатаң қадағалайтын болады.