Елордада еңбек қатынастарының жағдайы қаралды

Астанада Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Жиында елордадағы еңбек қатынастарының жағдайына қатысты өзекті мәселелер қаралып, алдағы жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов 2024 жылғы 9 желтоқсандағы отырыс хаттамасының орындалуы туралы және әкімдік, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Қалалық келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы баяндама жасады.

Аталған хаттаманың орындалуы бойынша Е.Жүсіпов: «Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы тарапынан Жол картасында көзделген әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу бойынша елорданың салалық кәсіподақтар филиалының төрағаларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық одағы» ҚБ қалалық филиалы және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ қалалық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына қатысып, «Астана Тазалық» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді»,-деп атап өтті.

Бұл кездесулерде Жол картасының негізгі ережелері, сондай-ақ әлеуетті жанжалдардың алдын алу және шешу тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ұжымдық шарттарды тиімді қолдану және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту арқылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайларын жақсарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Әрі қарай Ерлан Жүсіпов тараптардың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын және кәсіпорындарында жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектермен күресу жөніндегі құрылған Жұмыс тобы туралы айтты. Бұл топ еңбекақы бойынша, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жеке табыс салығы және әлеуметтік сақтандыру бойынша берешектердің себептерін анықтаумен айналысатын болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов Астана қаласындағы еңбек қатынастарының жай-күйіне, оның ішінде «Қаладағы еңбек жанжалдары және әлеуметтік шиеленіс мәселелері картасына» терең талдау жасады.

Және жалақы бойынша берешекті өтеу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 2025 жылдың қаңтар айында 1,5 миллион теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, 19 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Қазіргі уақытта жалақы бойынша 11 жұмыс берушінің 298 жұмысшының алдында 134 млн. теңге берешегі қалып отыр.

Жалпы, отырыста қабылданған шешімдер мен бекітілген жоспарлар әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және елорда тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.