Еңбек құқықтары – әділеттілік негізі: Заң клиникасы кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсетуде

Еңбек саласы – әрбір азаматтың өмірінде маңызды орын алатын, қоғамның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Осы салада кейде туындайтын құқықтық даулар мен түсініспеушіліктер еңбеккерлердің кәсіби қызметіне, психологиялық жай-күйіне және ұжымдағы атмосфераға кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіподақтардың және оларға қарасты заңгерлік кеңестердің көмегі ерекше маңызға ие.

“Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Заң клиникасы еңбек даулары мен құқықтық мәселелер бойынша кәсіподақ мүшелеріне үздіксіз заңгерлік қолдау көрсетіп келеді. Бұл клиника қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында кәсіподақтардың маңызды құралы ретінде танылып отыр.

Заң клиникасына “Әскерилендірілген темір жол күзеті” ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дүйсебеков Талғат мырза жүгінді. Ол еңбек ұжымында орын алған жағдай бойынша кеңес алу қажеттілігін білдірді, қызметкерлердің еңбек құқықтарына қатысты сұрақтар бойынша кеңес алды.

Заң клиникасының мамандары жағдайды мұқият талдап, кәсіподақ өкіліне құқықтық кеңестер мен нақты ұсыныстар берді. Еңбек заңнамасы аясында әр тараптың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру арқылы жағдайды реттеу жолдары ұсынылды.