«Qamqor» Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіподағы қоғамдық бірлестігі дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің Ассоциациясымен бірлесіп, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында «Қосымша ресми және бейресми біліктілік деңгейін арқылы аттестациялау» тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Семинар Ақтөбе қаласында «Qamqor» Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіподағының 57 медициналық мекемесінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары, есеп бөлімінің, кадрлар бөлімі меңгерушілері, заңгерлер және басқа да сала мамандарының қатысуымен өтті. Бұл шара медқызметкерлердің біліктілігін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту бағытында маңызды қадам болып табылады.
Семинарды Марат Оспанов атындағы ЗҚМУ Кәсіби өсу орталығының жетекшісі Алтын Алмағамбетова және Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің Ақтөбе облысы бойынша мейірбике ісін дамыту орталығының басшысы Замзия Алипова жүргізді. Бұл екі маман да денсаулық сақтау саласында мол тәжірибеге ие және қатысушыларға құнды ақпараттар ұсынды.
Семинар барысында денсаулық сақтау саласындағы біліктілік деңгейін тағайындау және растау, аккредиттелген бағалау ұйымы берген білім мен дағдыларды бағалау нәтижелері бойынша талқылаулар жүргізілді. Сонымен қатар, білім деңгейіне және орындалатын функцияларға байланысты 8 дағды деңгейі туралы ақпарат берілді. Қатысушыларға жауапкершілікті сақтандыру туралы да жан-жақты түсінік берілді.
Семинар аясында жұмыс барысында еңбек дауларының алдын алу, еңбек қатынастарын реттеу, және құқықтық көмек көрсету туралы да мәліметтер ұсынылды. Бұл ақпарат еңбек заңнамасы мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуды көздейді.
Жиын соңында қатысушылар өздерінің сауалдарын қойып, пікір алмасып, күнделікті қызмет барысында туындайтын мәселелерге қатысты тұшымды жауаптар алды. Семинардың нәтижесінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсініп, кәсіподақтың қолдауымен жұмыс ортасын жақсартуға қатысты маңызды білім алды.