Инспекторлар біліктілігін арттырды

Кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі – еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыру.  Осы мақсатта «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің Ескелді аудандық филиалы семинар өткізді.

Шараға жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары қатысты.

Жиынды Ескелді аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Адия Айтбузинова ашып, семинардың мақсаты мен міндетін таныстырып, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларына тоқталды. Жазатайым оқиғаларды алдына – алу үшін еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың біліктілігін арттырудың маңыздылығын айтып өтті.

Ескелді аудандық филиалының бас еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Рамиль Абдуллин еңбекті қорғауды басқару жүйесін реттейтін еңбек заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілердің негізгі ережелерін, еңбекті қорғау нормаларының сақталуын тұрақты қоғамдық бақылауды ұйымдастыруды және қауіпсіздік бойынша іс-шараларды қаржыландыру мәселелерін түсіндірді.

​         «Қауіпсіздікті бақылаудың мақсаты жұмысшылардың сауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірістегі жазатайым оқиғалардың және кәсіптік аурулардың алдын алу, өндірістегі жазатайым оқиғаларды дұрыс және уақтылы тергеп-тексеруді және есепке алуды бақылау, қызметкерлерге өздерінің еңбек міндеттерін атқаруына байланысты мертігуден не денсаулығының өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды толық көлемде өтеу болып табылады.

Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор қызметіндегі негізгі міндеттер: кәсіподақ мүшелерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; жұмыс орындарындағы еңбекті қорғаудың жай-күйіне бақылау жүргізу, Жұмыс берушінің еңбекті қорғау жөніндегі қағидалар мен талаптарды орындауы, еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуы маңызды»,-деді баяндамасында Рамиль Абдуллин.

Семинарға қатысушылар еңбекті қорғау бойынша өздерін қызықтыратын сұрақтарды тікелей қоюға және нақты жауаптар алуға мүмкіндік алып, өзара тәжірбиесімен бөлісті. Ұйымдастырушыларға алғысын айтты.