Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының ХV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың ХV Конференциясының шешімдерін жүзеге асыру барысы мен алдағы міндеттер туралы күн тәртібімен облыстық ұйымның ІV Пленумын өткізді. Алқалы жиынға Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Пленумда жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру және жарғылық міндеттерді ұтымды орындау аясындағы негізгі баяндаманы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасады.
Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында 2025 жылдың 01 қаңтарға Филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 818 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, жұмыс жүргізуде. Ұйымға облыс бойынша 64 507 кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқан. Барлық кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттармен қорғалған.
«Әлеуметтік әріптестік бағытында 2024 жылғы маусымда облыстық Келісім, филиал деңгейінде бірыңғай ұжымдық шарттар қабылданды. Сондай-ақ, Келісімге 2024 жылғы 5 қарашада өзгерістер енгізілді», – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Пленумда Жергілікті кәсіподақ негізгі жұмыс көрсеткіші саналатын құқықтық қызмет жұмысының нәтижелерін жариялады. 2024 жыл ішінде тек кәсіподақ заңгерлерімен 9884 өтініш қаралып, 10 564 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен 526 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 1638 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 766 жазбаша арыз-өтініш түсіп, 748 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңес саны 9136 құраған.
Есепті мерзімде Жергілікті кәсіподақтың Оқу-әдістемелік орталығы 1 республикалық, 14 көшпелі, 5 стационарлы, барлығы 20 семинар ұйымдастырып, 2486 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Филиалдар бастамасымен өткізген кәсіподақ оқуларымен 4091 әр санаттағы сала өкілі қамтылып, барлығы 6577 адам оқудан өткен.
Негізгі баяндамадан соң облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, «Дарын» лицей-интернатының БКҰ жетекшісі, «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпазы Айжан Аманбаева, Тараз қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясының есептеу секторының жетекшісі Жаңылған Әділбекова жарыссөзге шығып, баяндамада көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды талқылап, кейін Пленум Қаулы қабылдады.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласып, «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 3 ұстазға кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілсе, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік серіктес – 2024» республикалық байқауына белсенді қатысқан 5 білім мекемесінің еңбек ұжымына Алғыс хаттар берілді.