Салалық кәсіподақтың ІX съезі жұмысты қорытындылап, келешекке межелі міндеттер белгіледі

Химия, мұнайхимия және өнеркәсіптің туыстас салалары жұмыскерлері cалалық кәсіподағының ІХ съезі өтті. Бұл маңызды шара салалық кәсіподақ ұйымының 2020-2025  жылдардағы қызметін қорытындылап, болашаққа бағыт-бағдар беретін стратегиялық міндеттерді айқындауға арналды. 

Съезге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, химия, мұнайхимия және өнеркәсіптің туыстас салалары жұмыскерлері салалық кәсіподағының төрағасы Керім Пірімқұлов, төраға орынбасары Гүлайым Мұраталиева, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ белсенділері және делегаттар қатысты.

Съез жұмысын аша отырып, салалық кәсіподақтың төрағасы Керім Пірімқұлов кәсіподақтың қызметі және оған мүше ұйымдардың атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Оның айтуынша, салалық кәсіподақ Қазақстан Республикасының химия, мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібі кәсіпорындарында жұмыс істейтін 17 612 кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Есепті кезеңде салалық кәсіподақ кеңесінің 10 отырысы және атқару комитетінің ай сайынғы отырыстары өткізіліп, онда сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері қаралды.

«Шын мәнінде, әлеуметтік серіктестік – еңбек ұжымындағы және жалпы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды құрал. Осы орайда «ҚазАзот» АҚ мен «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Олар барлық өндірістік қиындықтарға қарамастан, озық шешімдер қабылдады. «ҚазАзот» АҚ 10% индекстеу және емдеу жәрдемақысының мөлшерін 100 мыңнан 200мың теңгеден арттырды. «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ тарифтер мен айлықақыларды 25% – ға арттырды. Бұл біздің әлеуметтік әріптестер тарапынан жасалған табысты қадамдар деп ойлаймын», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Жастар және гендерлік саясатты іске асыру, халықаралық ынтымақтастық пен спортты дамыту жөніндегі салалық кәсіподақтың жұмысы туралы төраға орынбасары Гүлайым Мұраталиева мәлімдеді.

«Кәсіподақтың басты мақсаттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту және олардың біліктілігін арттыру. Салада 35 жасқа дейінгі мүшелердің жалпы санының 34,5%-ын, яғни 6073 жастар еңбек етеді. Осы бағытта бірқатар тренингтер, семинарлар мен мастер-класстар ұйымдастырылды», – деп атап өтті Гүлайым Мұраталиева.

Сондай-ақ ол салалық кәсіподақ халықаралық қатынас аясында  халықаралық ұйымдар құрамында болып, бірқатар халықаралық шараларға қатысқанын айтты. Оның ішінде Халықаралық Еуразиялық металл өңдеушілер федерациясы және Өнеркәсіптік кәсіподақтардың халықаралық ұйымы IndustriALLGlobalUnion құрылтайшы екенін,  Ресейдің химия өнеркәсібі кәсіподағы және Өзбекстанның химия және фармацевтика өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының республикалық кеңесімен тығыз ынтымақтасатынын жеткізді.

Бүгінгі таңда саладағы кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің 30% – ы әйелдер, олардың 10-12% – ы басшылық лауазымдарда қызмет етеді. 2021 жылдың қараша айында гендерлік саясатты жүзеге асыру барысында Қоғамдық палатаның әйелдер істері жөніндегі комиссиясы құрылды. Комиссия құрамында осы саланың бастауыш ұйымдарының өкілдерінен құралған 11 адам бар.

Кәсіподақтың  жұмыс жоспарында бекітілген барлық іс-шаралар толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалды, филиал мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары түрлі іс-шаралар, соның ішінде кәсіби мерекелерге арналған іс-шаралар өткізді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев салалық кәсіподақтың 5 жылдық қызметіне жоғары баға берді.

«Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым болып қала бермек. Еңбек адамының мүдделерін қорғауда сіздердің де үлкен орындарыңыз бар. Сіздер салалық кәсіподақты ұйымдық тұрғыдан нығайтып, оның беделін арттырып, сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті сапалы жүзеге асырудағы жетістіктеріңізді атап өтпеске болмас. Осының артында салалық кәсіподақ ұйымдарының барлық деңгейлеріндегі үлкен еңбек жатыр, мен атқарылған жұмыс үшін барлық кәсіподақ мүшелеріне алғыс айтамын», – деді ол өз сөзінде.

Есеп беру конференциясын өткізу барысында қатысушылар ағымдағы жағдайды бағалау бойынша пікір алмасты. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, тиісті қаулылар қабылданды.

Алдағы 5 жылға салалық кәсіподақтың жоспары бекітіліп, стратегиялық мақсаттар айқындалды. Жаңа мерзімге салалық кәсіподақтың төрағасы мен Кеңестің құрамы қайта сайланып, Тексеру комиссиясының құрамы жаңартылды. Бұл өзгерістер кәсіподақтың жұмысын жаңғырту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Алдағы уақытта кәсіподақтың жұмысы еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға және сала дамуына ықпал ететін болады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы