«Кәсіподақ десанты» жобасы – Түркістан облысында

Қазақстан кәсіподақтары 120 жылдығына орай Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы жүзеге асырылуда. Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберіндегі шаралар қатарында жоба бастауы Түркістан индустриальды-техникалық колледжіндегі кездесумен басталды.

Кездесуге жол саласы жұмысшылары, кәсіподақ белсенділері мен студент жастар қатысты. Кездесу алғысөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Нұрлан Өтешев елде белгіленген Жұмысшы мамандықтары жылының аталып өтуі шараларының кәсіподақтар қызметі қағидаттарымен үндестігін атап өтті. Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлер еңбегін реттеу және олардың әлеуметтік мәселелерін ілгерілетудегі жұмыс бағыттары мен кәсіподақтық жобалар туралы ақпаратпен бөлісті.

Кездесу барысында кәсіподақтың қоғамдағы рөлі мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру, жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту және еңбек құқықтарын қорғау бойынша білімдерін тереңдету болды. Сонымен қатар, еңбек нарығында кездесетін негізгі қиындықтар мен оларды шешу жолдары жайында да пікірлер айтылды.

Кездесу барысы “Еңбек жанжалдарын басқару. Еңбек дауларын шешудің құқықтық аспектілері, кәсіподақтардың рөлі мен қызметі” семинар-тренингімен жалғасты. Семинарды федерацияның дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева жүргізді.

Тренингте қатысушылар еңбек даулары мен жанжалдарын тиімді шешу жолдары, сондай-ақ кәсіподақтардың осы процестегі маңызды рөлі жөнінде білім алды. Семинар барысында түрлі еңбек дауларының нақты мысалдары келтіріліп, тәжірибелік тапсырмалар арқылы қатысушылардың құқықтық сауаттылығы арттырылды.

Жалпы, бұл жоба жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттырып, жастарды кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуға ынталандыруды мақсат етеді. Келешекте «Кәсіподақ десанты» жобасы еліміздің түрлі аймақтарында жалғасып, жұмысшылар мен жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шараларды жүзеге асыруды көздейді.