“Кәсіподақ десанты”: Түркістанның еңбек ұжымындағы кездесулер

2025 жылдың 17 ақпан күні Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған «Кәсіподақ десанты» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев жұмыс сапарымен Түркістан өңіріне келді.


Жұмыс сапары барысында ҚРКФ төрағасының орынбасары Түркістан өңірінің бірқатар кәсіпорындарына барып, онда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестермен және облыстың кәсіподақ активімен бірқатар маңызды жиындар ұйымдастырады.


Іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы қазіргі жағдайды сараптап, өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту бағыттарын талқылау, еңбек қатынастарының сапасын арттыру, кәсіподақтардың рөлін нығайту және жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аудару, сондай-ақ кәсіпорындардың қызметкерлерімен тікелей байланыс орнату болып табылады.


Алғашқы кездесуін Нұрлан Өтешев Түркістан қаласындағы «Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-техникалық колледжі» ұжымымен өткізді. Кездесу барысында ол колледждің материалдық және техникалық жағдайымен танысып, оқу орнының жұмысын бағалады.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай, Нұрлан Өтешев колледж оқытушылары мен студенттерімен кездесу барысында еңбек нарығындағы өзгерістерді және жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артуын жан-жақты талқылады. Ол қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білімді мамандарға қажеттілік көбейіп келе жатқанын айтып, жастарды осы бағыттағы мамандықтарды меңгеруге шақырды. Бұл салада сапалы білім мен дағдыларды игеру арқылы жастар өздерінің болашақта сұранысқа ие маман болып қалыптасатынын және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосатынын жеткізді.


Келесі кездесуін кәсіподақ басшылары «Жолаушы» ЖШС-і автобус паркінде өткізді. Серіктестікте 350 адам жұмыс істейді. Тұрғындарды тасымалдауға жауапты «Жолаушы» ЖШС мекемесінің қызметі 1966 жылдан бастау алған. Бүгінде мекемеде 158 автобус 16 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Күн ұясынан көтерілген уақыттан бастап жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын автобус паркінің жұмысымен танысу барысында, кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің еңбек жағдайларына ерекше көңіл бөлінетіндігіне куә болды. Ұжымдық шартта жұмысшылардың әл-ауқатын жақсарту шаралары, еңбек жағдайлары және еңбек ұжымының мүддесін қорғайтын өзге де нормалар қарастырылған.
Сонымен қатар, кездесу аясында кәсіподақ өкілдері автобус жүргізушілерінің арнайы медициналық тексеруден өтуі мен рұқсат алу процесін, сапарға шығатын автобустардың механиктер тарапынан техникалық тексеруден өтуін және операторлық орталықтың тиімді басқару жүйесімен танысты.

«Бүгінгі кездесу барысында біз тек автобус паркінің жұмысымен танысып қана қоймай, сонымен қатар жұмыскерлердің еңбек жағдайларының маңыздылығына ерекше назар аударылатынын байқадық. Осы салада еңбек ететін әрбір қызметкердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Автобус жүргізушілерінің медициналық тексеруден өтуі, автобустардың сапары алдында техникалық қадағалаудан өтуі – бұл барлық жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдар. Өйткені қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен жұмысшыларға жағдай жасау – бұл жұмыстың сапасын арттырудың және жұмысшылардың өз жұмысын адал әрі жауапкершілікпен атқаруының кепілі. Ал кәсіподақтар әрқашан еңбек қауіпсіздігі мәселелерін бірінші орынға қояды, бұл ұжымның жалпы тиімділігін жоғарылатуға септігін тигізеді» – деді Нұрлан Өтешев.


Жиын соңында төраға орынбасары кәсіподақтардың жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін ерекше атап өтіп, әлеуметтік әріптестік негізінде еңбек жағдайларын жақсарту үшін бірлескен жұмыс жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі мен еңбек ұжымдарының ынтымақтастығы Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.