Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің Түркістан өңіріндегі жұмыс сапары аясындағы кезекті кездесуі «Grand Miks» ЖШС жиҺаз шығару фабрикасының жұмысымен танысумен жалғасын тапты. Аталған фабрика әртүрлі жиһаздың 200 түрін шығарады және тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресей, Беларусь және Қытайдың 30-дан астам дилерлерімен, 40 жеткізушілерімен ынтымақтасады.
Кездесу барысында Нұрлан Өтешев фабриканың өндірістік цехтарын аралап, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық процестерін көзбен көріп, жұмысшылардың еңбек жағдайларымен танысты.
Өз кезегінде серіктестік басшылығы қазіргі өндіріс процесі, өнім түрлері және қолданыстағы технологиялар туралы толық ақпарат беріп, алдағы даму жоспарлары туралы айтып өтті.
Кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесу барысында Нұрлан Өтешев еңбеккерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшылар үшін әлеуметтік қолдауды күшейту, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды лайықты жалақы мен сапалы еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету кәсіподақтардың басты мақсаты екендігін, ал Еңбек адамына қолдау қөрсету – біздің басты міндетеріміздің бірі» – деп атап өтті.
Айта кетерлігі, бүгінде «Grand Miks» ЖШС-де 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Жиһаз шығару фабрикасы өзінің өндірістік қуатымен және сапалы өнімдерімен ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға және олардың еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған кешенді шаралармен де ерекшеленеді. Серіктестікте қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайлары және бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктері қарастырылған ұжымдық шарт бар.